Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер есімі ардақталды

Ардагер есімі ардақталды


Екінші дүниежүзілік соғыс өткен ғасырдың ең ауыр оқиғасы ретінде тарих беттерінде қатталып қалғаны ақиқат. Сұрапыл соғыстың зардабы қазақ даласын да айналып өтпеді. Ашаршылық пен репрессиядан қан жұтып, тар жол тайғақ кешкен халқымыздың қасіретіне қасірет жүктеді. Қолына қару алып майданға аттанған қаншама ер азаматтарымыз жат жерде ажал құшты. Ал, жау оғынан аман қалғандары жарым-жан күйде Отанына оралды. Бұл зұлмат, ел демографиясына орасан зор зардап әкелді. Оның айғағы ретінде Шиеліден шинель киіп майданға 5909 сарбаз аттанса, соның небәрі 1842-сі ғана елге қайтқан. Міне, осыдан-ақ Ұлы Отан соғысының адам баласына тигізген әсері мен ауыртпашылығының қай деңгейде болғанын мөлшерлей берсек болатындай.
Біз өткенін ұмытпайтын, керісінше тарихтан сабақ алатын халықтың ұрпағымыз. Жоғарыдағы соғыстан оралған 1842 сарбаздан бүгінде ауданда жалғыз Сәрсенбек ­Байжанов ақсақал қалды. Соғыстың соңғы солдатына өз дәрежесінде аудан әкімдігі мен жалпы өңір тұрғындары тарапынан ерекше құрмет көрсетіліп те келеді. Біз бұны бір Байжанов ақсақалға жасалған құрмет емес, бәлки кешегі майданға аттанып мерт болып, соғыстан келіп ел үшін адал еңбек еткен майдангерлердің рухына жасаған тағзым деп түсінуіміз қажет. Міне, сондай құрметтің бірі – тінеу күні Ұлы Отан соғысының ардагері ­Имантай Алдабергенұлына жасалып, ардагер есімін ұлықтау мақсатында кенттің түстігіндегі Шұғыла мөлтек ауданынан көше атауы берілді. Шараға аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық пен Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессор-докторлары, ­Имантай ақсақалдың ұрпақтары қатысты.
Имантай Алдабергенов 1916 жылы Қызылорда облысы, сол кездегі Шиелі бекеті, «Ленин» колхозына қарасты №1 ауылында дүниеге келген. Сегіз сыныптық білім алған болашақ сарбаз өзінің алғашқы еңбек жолын 1934-1937 жылдары қойма меңгерушісінің көмекшісі, 1938-1939 жылдар аралығында Шиелі станциясындағы №3 дүкеннің сатушысы болып бастайды. Ал, 1939 жылы Сырдария әскери комиссарияты арқылы Қызыл Армия қатарына алынып, 1939 жылы Фин соғысына қатысып, жеңіспен оралады. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Калуга, Минск, Смоленск, Могилев қалаларын жаудан азат етуде II-Белорус майданында болған ұрыстардан жарақаттанады. Майданда 55-ші атқыштар артиллериясы №49 Армиясы қатарында болған ол «Орден Отечественной войны I степени» медалімен, «За боевые заслуги» төс белгілерімен марапатталады. 1945 жылы К.Хабаров өлкесінде резервте болып, Кеңес Одағы әскерлерінің Жапонияға қарсы жүргізген соғыс қимылдарына қатысады. Сол соғыста ауыр жарақат алған Имантай Алдабергенұлы үш елмен болған сұрапыл соғысқа қатысып, III топтағы мүгедек болып туған елге оралады. Майдангер елге келгеннен кейін қарап отырмады. Шиелі Қамыс зауытының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1952 жылы Қазақстан тұтынушылар одағы сауда меңгерушілерін дайындайтын Шымкент қаласындағы мектебін бітіріп, Шиелі сельпосында дүкен меңгерушісі жұмысын қайта жалғастырады.
Жұбайы еңбек және тыл ардагері Шынар Набиевамен бірге бір шаңырақ астында 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Имантай ақсақал соғыста есесін жібермеген, бейбіт өмірде бақытты өмір сүрген еңбекқор жан еді. Оның кеудесінде сол күндердің куәсіндей I-II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен медальдары жарқырап тұрды.

Елдос Жүсіп
15 мамыр 2021 ж. 652 0