Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан үшін от кешкен ер

Отан үшін от кешкен ер

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толса да әлі де зерттейтін, зерделейтін тың деректер көп-ақ. Сұрапыл соғыс қаншама отбасын әкесіз, баласыз, туыссыз қалдырды, қаншама ана мен балаға қасірет шектірді?! Миллиондаған азаматтар соғыстың зардабын тартты. Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосты. Осының барлығына кейінгі ұрпақ қаннен-қаперсіз тіршілік кешсін деген үлкен арман-мақсат жетелеген еді.

Алпыстан астам мемлекет қатысып, елу миллион адамның өмірін жалмаған сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен орал­ғандардың қатары да күн санап азайып барады. Тарих жылнамасына тайға таңба басқандай қара әріптермен жазылған 1418 күн мен түнді бүгінде көзі тірі қарт майдангерлер күрсіне еске алады. Жастық шақтары от-жалынға оранған ол күндерге лағнет айтады. Ел басына күн туған шақта майдан даласына аттанып, от кешкен жауынгерлердің қай-қайсысы болмасын батыр деген атқа әбден лайық. Себебі, олар Отанына қауіп төніп, қара бұлт үйірілгенде белді бекем буып, жауға қарсы шапты. Қар жамылып, мұз жас­танды. Толарсақтан су кешіп, келешек жолында атой салды.

Қаншама қазақтың жанын жалмап, талай боздақты қыршынынан қиып, көптеген қандастарымызды мүгедектікке душар еткен Ұлы Отан соғысы ел тарихында өшпестей із қалдырды. Қан майдандағы қазақ жауынгерлерінің ішінде Акпар Абрахманов та болды. Ол 1916 жылдың 1 қаңтарында «Үлгілі колхоз» қазіргі Нартай ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасын тәмамдап, 1939 жылы әскер қатарына алынған А.Абдрахманов 2 жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Елге қайтар уақытта 1941 жылдың 21 маусымында Ұлы Отан соғысы басталып, елін, жерін қорғау үшін ұрыс даласына аттанады. А.Абдрахманов майданда Буденный атты әскер қатарына қосылады. Соғыстың қасіреті де, зардабы да ауыр болды. Ешкімді аямаған сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, 1945 жылдың көктемінде Одер өзенінің жағасындағы ұрыста аяғына оқ тиіп жараланады. Соғысқа жарамсыз деп танылған майдангер елге 3-топтағы мүгедек болып оралды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, нәубеттің ащы дәмін татса да, мойымай, тайсалмай қолдан келген жұмыстың бәрін атқарды. Сұрапыл жылдардағы естеліктер еңсені езгенімен ертеңгі күн үшін күресті. Елге оралған соң отау құрып, Рсалды Ахметқызымен бас қосты. Үш ұл, екі қызды өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. 15 немере, 26 шөбересі бар соғыс ардагері 1996 жылы 30 тамызда 74 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
14 сәуір 2020 ж. 779 0