Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел құрметіне лайық ер

Ел құрметіне лайық ер


1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысында 600 мың қазақстандық жауынгер ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, артында өшпес тарихи даңқ қалдырды. Отан үшін от кешіп, мұз жастанғандардың бірі – Сыздық Төребай. Ол 1917 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Иіркөл ауылдық округінде дүниеге келген.

Сыздық Төребайдың өмір жолына қарасақ, 21 жасында әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылып, старшина шенімен қызмет атқарған оның ғұмыры Отанына қызметтен тұрғанын байқаймыз. 1939 жылдың 23 ақпанында әскери ант қабылдаған жерлесіміз Кеңес-Фин соғысына қатысып, №90 кавалериялық полкында атқыштар қатарында болған. Жылға жуық уақытқа жалғасқан Фин майданынан аман-есен елге оралған жауынгер көп кідірмей тағыда сұрапыл соғысқа аттанады. Ол Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысы, Шиелі aуданының әскери комиссариаты арқылы 1941 жылы 13 желтоқсанда әскери жұмылдыру бойынша шақыртылған. Осы күннен 1942 жылдың наурызы аралығындағы өмір кезеңінде Ленинград қаласында 216 атқыштар бригадасының бірінші атқыштар взводы командирінің көмекшісі болады. Отан алдындағы міндетін адал атқарып, от пен оқтың арасында жүрген. Батыр бабамыз 1942 жылы 30-ыншы наурызда сол жақ жоғарғы жағынан ауыр жарақат алады. Қиындыққа мойынсұнбай, әрдайым жол табуға тырысқандығының арқасында болса керек, арнайы үйретілген иттер жанынан өтіп бара жатқанда шанасына аунай кетіп, госпитальге жетеді. Ажалдан араша қалған соң жарақаты жазылғанша Уфа қаласында оқ-дәрі жасайтын заводта жұмыс істейді. 1943 жылы майдан даласына қайта оралады. Бір жылдай батыс майданының миномёт батальонында міндетін өтеп, басынан алған ауыр жарақатына байланысты, елге қайтады. Мұнда ауыл мектебінде ұстаздық етіп, партия қатарында коммунистік қызмет атқарады. Десе де, соғыста алған жарақаты маза бермей қойып, тауға қоныс аударуға тура келеді. Қой баққан қойшыларға, сырдағы малшыларға көмек беріп, зейнет жасына келгенше колхоздың қысыр малдарын қарайды. Коммунистік партияның қатарында 40 жыл мүшелікте болып, елге адал еңбек еткен. Соғыс және еңбек ардагері Сыздық Төребай 74 жасында дүниеден озды.
Тар жол, тайғақ кешуде елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан жауынгерлердің ерлігі ұмытылмайды. Соғыстың көзін көрген аталарымыздың өз аузынан естіген естеліктері жадымызда тұрғанда санамызда ерліктің ерен үлгісі жаңғыра бермек.

Н.МҰХАМЕДИЯРОВА
13 шілде 2019 ж. 1 067 0