Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі соғыстың куәгері

Екі соғыстың куәгері


Шиелі ауданы «Ақтоған» елді мекенінде 1914 жылы дүние есігін ашқан Мұсахан Смайылұлы Молдабаев жастайынан еңбекке араласып 1936 жылы Карело – Фин соғысына, 1941-1945 жылдары сұрапыл Ұлы Отан соғыстарына қатысып неміс басқыншыларының алғашқы легін елдің Батыс шекарасында қарсы алған, екі соғыстағы ерлік істері үшін бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен, Маршал Г.К.Жуковтың, бас қолбасшы И.В.Сталиннің алтын медалімен соғыс және бейбіт өмірдегі еңбегі үшін оннан астам медальдарымен марапатталған.
Молдабаев Мұсахан қарияның фин және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері бейбіт еңбектегі еңбек жолдары кейінгі ұрпақтарға үлге-өнеге болып қала бермек. Оны Шиелі ауданының елді мекендеріндегі тұрғындардың, жас және аға ұрпақ-өкілдерінің білмейтіндері кемде-кем болар.
Кешегі кезеңдердегі қоғамдық өзгерістер Қазан төңкерісінің дүмпуі, алғашқы колхоздастыру, бай манаптардың дүние-мүлкін тәркілеу, ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер, Карело-Фин, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы отты жылдар т.б. ата-аналарымыздың бастан кешкен қиын-қыстау уақыттары туралы ұрпақтан – ұрпаққа жетіп, естерінен кетер емес.
Қаншама жылдар өткенімен тарих қойнауына сүңгіген майдан даласындағы қиын-қыстау өмірдің дәмін татқан ардагер жауынгерлер ешқашан ұмытпақ емес. Олар кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің үлгісін тарту етті.
Солардың бірі де, бірегейі Мұсахан Смайылұлы Молдабаев аға 1914 жылы Шиелі өңіріне қарасты «Ақтоған» елді мекенінде дүниеге келген. Балалық балғын шағын өзінің туған ауылында масақ теріп, қозы-лақ бағып жүріп латын әрпімен сауатын ашып ер жетті.
1936 жылы 22 жасында әскер қатарына шақырылды. Қазақша, орысша сауаттылығын, қырағылығын, іскерлігін байқаған командирлері оны Белорусиядағы кіші офицерлер дайындайтын әскери училищеге оқуға жібереді. Оқуын үздік бітірген соң лейтенант атағын алған саяси жетекші (политрук) Ленинград облысындағы әскери бөлімшеге қызметке жіберіледі.
1939 жылы міндетті әскери борышын атқарып, елге қайтайын деп тұрған уақытында Финляндиямен соғыс басталып, атты әскер құрамында кавалерист болып соғысқа қатысады. «Ажалсыз өлмейді» дегендей ауыр жараланбай аман есен елге оралады. Фин соғысына қатысқан жауынгер Мұсекең осы жылдарда Оңтүстік өңірдегі «Мақтаарал» совхоз техникумын (үздік) ауылшаруашылық мамандығы бойынша бітіріп келіп, өзінің туған ауылы «Ақтоған» бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқарады. Осы жылдары соғыс басталды. Ұзамай-ақ Мұсахан Молдабаев әскерге қайта шақыртылып, 1941 жылы аға лейтенант шенімен №57 гвардиялық атқыштар полкі құрамында алғаш рет батыс Украина шекарасында неміс басқыншыларымен бетпе-бет кездесті.
Фин соғысында небір жорық жолдарынан өткен, шайқас көрген ысылған жауынгер немістермен соғыста батыл соғысып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Калинин майдан далсында жауынгерлік жорық жолдарын жүріп өтіп Ржев, Псков, Воронеж облыстарынның қаншама елді мекендерін жау қолынан азат етті. Ол кісінің Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолдарын айқын дәлелдейтін марапат қағаздары мен ерлік істері үшін алған орден, медалдары дәлел боларлықтай.
Соғыста бірнеше рет бастан, іштен, аяқ-қолдан жаралы болған. Мұсекең осындай ауыр жарақаттардың салдарынан 1943 жылдың соңында елге қайтарылды. Елге келген соң да «Бәрі майдан үшін» деген ұранмен әскер қатарына адам жинады, әскери комиссариатта еңбек етті, шаруашылықта жұмыс істеді. 1945-1946 жылдары бірлескен «1 Май» колхозында колхоз төрағасы, аудандық май зауытында директор қызметтерін атқарды. Белгілі дихан Ыбырай Жахаевпен бірге күріште екті, оған көмекші де болып қызметте істеді. 1951 жылы Алматы ауылшаруашылығы техникумын бітірген соң, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Күйік» қаракөл қой совхозында, Жданов атындағы астық совхозында абыройлы қызмет етіп, өзінің күш-жігерін, қайратын, ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді. Онан кейінгі жылдарда зейнет жасына дейн Шиелі аудандық орман шаруашылығында қызмет істеді. Майор шенінде әскери зейнеткерлікке шыққанына қарамастан еңбектен қол үзбей жүрді. Соғыстан кейінгі жылдарда еңбек үлгісін көрсетіп, елдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруге үлес қосқаны үшін Лениннің туғанына 100 жыл, Жарыстың жеңімпазы, бірнеше рет «Еңбек ардагері» медальдары мен марапатталды. Мұсекең 1943 жылы, соғыстан елге оралған соң көрші колхоз «Ортақшылдың» қызы Ақманат Шәкірқызымен үйленеді. Олардан тараған ұл-қыздары шаңырақтың түтінін түзу шығарып, немере, шөбере өсіріп отыр. Ол кісі 1997 жылы 83 жас­ында бақилыққа аттанған еді. Егер тірі болғанда бүгіндері бар жоғы 104 жаста ғана болар еді-ау. Мұсахан Смайылұлы өзінің ұл-қыздарының, олардан тараған ұрпақтар арасында қашанда қасиетті болып, мәңгі есте қала бермек. Ия, осындай өнегелі ерен еңбек және соғыс ардагері, екі «Ұлы Отан соғысы ордендерінің иегері»иегері запастағы майор, саяси жетекші (политрук) Молдабаев Мұсахан ақсақалдың есімімен Шиелі ауданы орталығынан көше атын беру жөнінде аудандық ономастикалық комиссияға ұсыныс жасаған жөн ғой деп есептеймін.

Сексенәлі РАХАНОВ,
Қызылорда облысының құрметті қайраткері,
Жазушылар одағының мүшесі.
02 қазан 2018 ж. 1 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930