Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

Жыл сайын 9 мамыр күні Жеңіс күнін атап өтеміз. Бұл күні бізге бейбіт аспан сыйлаған аға ұрпаққа алғысымызды айтып, дүниеден озған майдангерлерді есімізге алып, рухтарына бас иеміз.
Ұлы Отан соғысының зардабы әрбір қазақстандыққа, елдегі әрбір отбасына тиді десек қателеспейміз. Біздің әкеміз Әбдіқадыр Ысқақов та Отан үшін от кешіп, Ленинград қаласын туған қорғау кезінде ерлікпен опат болған майдангерлердің бірі.
  Әбдіқадыр Ысқақов 1907 жылы Тереңөзек ауданы, Қызылту ауылдық кеңесіне қарасты Майлықұм елді мекенінде дүниеге келген. Қатардағы жауынгер, білімі – бастауыш, колхозшы соғысқа дейін осы елді мекенінде ұста дүкенін ашып, колхоз шаруашылығына қажетті құрал-саймандарды мен үй тұрмысына қажетті күнделікті тұтынатын заттарды жасайтын болған. Колхоз шаруашылығына көмектесіп, егін егуге, мал бағуына көмегін бере білген. Білетіндердің айтуынша, ол кісі аңшы болған, ашаршылық жылдары аң аулап, құс атып отбасы мен туыстарын осы кәсібімен асыраған екен.
  Ол 1942 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан шақырту алып, жерлестерімен бірге майданға аттанған. Біз ол кезде баламыз. Үш айдан кейін үшкіл хат орнына «қара қағаз» келеді. Онда «жауынгер Ысқақов Әбдіқадыр 1942 жылы Ленинград түбіндегі кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапты» деп жазылған.
  Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Ленинград үшін шайқас өте ауыр шайқастың бірі болған. Қаһарман қала Ленинградты қорғауда және азат етуде кеңес халқы ерен ерлік көрсетті. Қала 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1943 жылы 18 қаңтарға дейін фашистік Германия әскерінің қоршауында болды.
   Жау әскері Ленинград қаласына шабуыл жасап, оны бірден басып алмақшы болды. Алайда, кеңес әскері бұл әрекетке тойтарыс берді. Дұшпан әскері қаланы түгелдей қоршап алып, барлық байланысты үзіп тастайды. Фашистер аштықтан, суықтан қалтыраған қала халқы өздігінен беріледі деп ойлады.
  Немістер қаланы күн сайын бомбалап, қаладағы жарық, жылу, су жүйесін бүлдірді. Қалада азық-түлік жетіспей, аштық басталды. Ленинград 900 күн бойы жау қоршауында тұрса да, қала жұмыс істеуін тоқтатпайды. Ол орталықпен тек бір ғана жол арқылы байланыс жасады, мұны жау күтпеген еді. Бұл – Ладога көлінің мұзы арқылы салынған жол болатын.
  Осы жолды ленинградтықтар «Өмір жолы» деп атады. Себебі бұл жолмен қалаға жүк машиналары азық-түлік, оқ-дәрі тасыды. Қайтар жолда қарттарды, ауру балаларды алып қайтатын. Жол күндіз-түні күзетіліп, жауға берілмеді. 1944 жылы ғана жау қоршауы бұзылып, фашист әскері қаладан қуып тасталады.
  Майдангердің ұлы Мұсахан әкесін 1972 жылдан бастап іздестіре бастайды. 1983 жылы Москвадағы архивке рұқсат алып, кіріп әкесі туралы мәліметті табады. Ленинград облысы, Кирчи қаласында, Ладога көлімен Волков өзенінің қилысында жаяу әскерлердің алдыңғы дивизиясында болып қоршауда қалады. Немістермен арада қиян кескі шайқас болады. Әкеміз сол ұрыста ерлікпен қаза болыпты.
  «Бұл – 1942 жылдың 16 тамызы. Ерлік даңқы өшпейді деген осы екен. Бізге бұл мәліметтерді Ленинград облысының әскери комиссариаты берді», - дейді ол.
  Жауынгер Ысқақов Әбдіқадырдың балаларына 1983 жылы 9 майда бізге келіңдер деп хабар келген. Балалары Мұсахан мен Бибізада шақыртумен Ленинград облысына барды. Олар жауынгердің балаларын Кирчи қаласындағы музейге алып барып, әкесі туралы жазылған деректерді таныстырды. Содан кейін Ленинград қаласы түбіндегі бауырластар зиратында жерленген әкесінің басына апарды. Бейіттің басына шайқаста болған №25 танкті ескерткіш есебінде қойған екен. Сол жылы шайқаста ерлікпен қаза тапқан 15 жауынгердің есімі табылған. Сол жауынгерлердің есімін тақтаға жазып, зираттың басына қойған. Сол 15-тің ішінде Әбдіқадыр Ысқақовтың есімі де болды. Біз әкеміздің бейіті басына зиярат етіп, құран бағыштадық. Елге келген соң туған-туыстарыға көрген-білгенімізді айтып, деректермен бөлістік. Құран оқытып, ас бередік. Мұны біз ата-ананың алдындағы баланың парызы деп білеміз.
Біз әкеміз Ысқақов Әбдіқадырды 35 жасында Отан үшін от кешіп, еліміздің болашағы үшін жанын құрбан еткен азамат, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жауынгер деп білеміз.
Өмірінің қысқасы-ай,
Ағып өткен жұлдыздай.
Не дерсің тағдыр ісіне,
Жазуы болса осылай.
Құрбан болдың ел үшін
Отты жылы, от кешіп
Отан үшін шайқаста
Мерт болдың аяқ астында.
Қоштастың мәңгі өмірмен
35-ке келген шағыңда.
Ерлікпен қаза болыпсың
Ленинград түбіндегі шайқаста.
Топырағың торқа болсын,
Иманың жолдас болсын!
  Әкеміз соғысқа кетемін дегенше шаңырақ көтеріп, екі перзентті болған еді. Олар – Мұсахан мен Бибізада.
  Мұсахан – жоғарғы білімді агроном, Бибізада – орта арнаулы білімі бар, кітапханашы. Қазір олардың балалары да отбасын құрып, немерелері мен, шөберелері бар үлкен отбасына айналды.

Майдангердің балалары ЫСҚАҚОВ МҰСАХАН мен БИБІЗАДА
02 мамыр 2018 ж. 1 487 0