Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі майданда ерлік көрсеткен

Екі майданда ерлік көрсеткен


«Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі». Бабалардан қалған бұл даналық сөз ер жігіттің болмысын айшықтап бергендей. Ер – елдің қорғаны, тірегі, сенері. Бұған осыдан 75 жыл бұрын қару асынып, елдің болашағы үшін қар мен отты кешкен ер азаматтарымызды мысал етсек болады. Зымыраған сағаттың тілі қанша айналғанымен тарих бетінде қара дақ болып қалған Ұлы Отан соғысының ызғары әлі күнге дейін ұмытылған жоқ.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дегеніндей зұлматты жылдары ерлік көрсеткен ардагерлерге қандай құрмет көрсетіп, бүгінгі ұрпаққа дәріптесек те артық болмайтыны анық.
Өмірі өнеге, ерлігі орасан, ержүрек жауынгерлердің бірі – Байсын ауылының тумасы Әмірше Оспанқұлов. Ол 1920 жылы дүние есігін ашқан. Соғыс басталардан бір жыл бұрын, яғни 1940 жылы Қызылорда қаласындағы совхоз техникумының механизация бөлімін тракторист-механик мамандығы бойынша бітірген. Сол жылдың 20 қазанында Қызылорда қалалық әскери комиссариатына шақырылып, 7 қарашада 167 атқыштар полкінде әскери ант қабылдайды. Аталған полктің құрамында 1941 жылдың 22 маусымынан 1943 жылдың 18 тамызына дейін шайқасқа қатысып, неміс әскерінің тұтқынына түседі. Содан жеңіс күнінің таңы атқан 1945 жылдың 9 мамырында тұтқыннан шығады.
Ә.Оспанқұловтың көрген азабы бұнымен шектелмей, Ұлы Отан соғысынан кейін Жапон соғысына қатысып, елге 1948 жылы 15 ақпан күні аман-есен оралады. Соғыс ардагері 1957 жылдан бастап СОКП мүшесі болды. Ол соғыстан кейін «Қызылту» (қазіргі Ы.Жақаев ауылы) колхозында механизатор, трактор бригадирі, өндіріс бригадирі болып жұмыс істеген. Жасының ұлғаюына байланысты 1971 жылы әскери есептен шығып, 1981 жылы 61 жасында Байсын ауылында дүние салды. «Құдай момынның ақысын жемейді, пейілі кең адамға береді» деген сөз рас та шығар. Жаратылысынан момын да адал Әмірше 15 ұл мен қыздың әкесі болды. 15 перзентінен тараған ұрпақтары бұл күндері үлкен әулетке айналды. Табиғатынан көп сөйлемейтін мақаламыздың кейіпкері соғыс жайлы да көп әңгіме қозғамаған. Сол себепті деректер аз сақталған. Тіпті Ә.Оспанқұловтың соғыс ардагері екенін білмейтіндер де бар екен. Дегенмен сұрапыл шайқасқа қатысып, өлім мен өмір арпалысын көзімен көрген Ә.Оспанқұловтың құрмет пен сыйға лайық есімі мен ерлігі әрқашан кейінгі ұрпақтың жадында.

Ерұлан ДАТКЕНОВ

04 ақпан 2020 ж. 1 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930