Ақынын жырға қосқан ақындар
Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген болатын. Міне, туған жерін, Сыр бойын жүрекжарды жырына арқау еткен ақын, жазушы, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмақан Әбдіқадыровты ұрпағы ұмытпай, естелік айтып, жас ақындар арасында мүшәйра ұйымдастырды.
Айтулы шараны аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздықов ашып, жерлесіміздің еңбек жолына шолу жасады. Алғашқы еңбек жолын «Еңбекші қазақ» газеті редакциясынан бастаған ақынның жалынды жырлары жастарға жігер бергені анық. Ақындар бақ сынамас бұрын Қ.Әбдіқадыровтың ұрпақтары Қ.Мырзаев пен А.Ысымов өңіріміздің талантты тумасы жайлы ой қозғап, естеліктерімен бөлісті.
Облыстық жазба ақындар мүшәйрасына жан-жақтан келген жас ақындар алдымен ақынға арнау өлең, одан кейін Шиелі ауданының құрылғанына 90 жылдық мерейтойына арналған және еркін тақырыпта өлеңдер оқыды. Жүзден жүйрік шыққан шиелілік талапкер Б.Әміров бас жүлдені олжалады. І орынға қазалылық А.Түменбай лайық деп танылса, ІІ орынды Аралдан келген А.Сайлаубаев пен жалағаштық С.Жасұлан иеленді. Келесі жүлдені қармақшылық А.Құрмашева мен Қызылордадан келген З.Әбдіқалықова, А.Мұратова қанжығалады. Сөз маржанын терген додаға ҚР Мәдениет қайраткерлері мен профессор, ақын-жазушылар төрелік етті.
Г.ДҮЙСЕБАЕВА.