Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматын ардақтаған ел азбайды

Азаматын ардақтаған ел азбайды


23-наурыз күні, осымен үшінші рет өткізіліп отырған «Сексеннің шықты биыл, сеңгіріне» атты ауданның «Құрметті азаматтар» аллеясына есімдері жазылған және өмірлік жинаған тәжірибесімен жастарға үлгі болатын, еңбек ардагерлерінің құрметіне арналған іс-шара өтті.
Елбасы «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген болатын. Аудан тарихына үңілсек, әр салада қызмет ете жүріп, өңіріміздің қалыптасуына, әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне үлес қосқан, игілікті істердің басы-қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған тау тұлғалы азаматтардың көп екенін аңғаруға болады.Міне, сол азаматтардың бірегейі білім саласының майталманы Рахым Мауяев, туған жерге, елге адал қызмет етіп, саналы ғұмырын құрылыс, коммуналдық салаға арнаған Мүтәліп Жантөреев және білім саласында шәкірт тәрбиелеп, елдің алғысына бөленген Сейілбек Аманжолов сынды ағаларымыз 80 жасқа толып, мерейтойын елмен бірге тойлады.
Шара барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ел ағаларын мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, «Өнегелі өмір соқпақтарында адал еңбектің ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық болмысымызды үкілеп келе жатқан үлгі тұтар тұлғаларын ардақтаудан жаңылмаған қазақы дәстүріміздің тағы бір көрініс беруі заңдылық» – деп ризашылық сезімін білдірді.

«Өскен өңір» ақпарат.
27 наурыз 2018 ж. 1 754 0