Сұрапыл соғыс солдаты
Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те кеудесін оққа тосқан баһадүр бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысы басталған кезінде елімізден жалпы саны 1 млн 200 мыңдай адам соғысқа аттанған еді. Отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы жат жерде жан тапсырып, аман қалғандары қайтып оралды.
Бүгінде сол қайсар қарияларымыздың қатары азайып бара жатқандығы жанға батады. Батыр бабаларымыздың қатары сирегенімен, ерен ерліктері еш ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толса да әлі де зерттейтін, зерделейтін тың деректер көп-ақ. Сұрапыл соғыс қаншама отбасын әкесіз, баласыз, туыссыз қалдырды, қаншама ана мен балаға қасірет шектірді?! Миллиондаған азаматтар соғыстың зардабын тартты. Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосты. Осының барлығына кейінгі ұрпақ қаннен-қаперсіз тіршілік кешсін деген үлкен арман-мақсат жетелеген еді.
Бүгінде сол қайсар қарияларымыздың қатары азайып бара жатқандығы жанға батады. Батыр бабаларымыздың қатары сирегенімен, ерен ерліктері еш ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толса да әлі де зерттейтін, зерделейтін тың деректер көп-ақ. Сұрапыл соғыс қаншама отбасын әкесіз, баласыз, туыссыз қалдырды, қаншама ана мен балаға қасірет шектірді?! Миллиондаған азаматтар соғыстың зардабын тартты. Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосты. Осының барлығына кейінгі ұрпақ қаннен-қаперсіз тіршілік кешсін деген үлкен арман-мақсат жетелеген еді.
Алпыстан астам мемлекет қатысып, елу миллион адамның өмірін жалмаған сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралғандардың қатары да күн санап азайып барады. Тарих жылнамасына тайға таңба басқандай қара әріптермен жазылған 1418 күн мен түнді бүгінде көзі тірі қарт майдангерлер күрсіне еске алады. Жастық шақтары от-жалынға оранған ол күндерге лағнет айтады. Ел басына күн туған шақта майдан даласына аттанып, от кешкен жауынгерлердің қай-қайсысы болмасын батыр деген атқа әбден лайық. Себебі, олар Отанына қауіп төніп, қара бұлт үйірілгенде белді бекем буып, жауға қарсы шапты. Қар жамылып, мұз жастанды. Толарсақтан саз кешіп, келешек жолында атой салды.
Жеңіс туын арқалап, сұрапыл соғыстан аман қайтқандардың арасында Шакир Абдуназаров та бар. Ол 1923 жылдың 1 қазанында Жөлек ауылында дүниеге келген. 1928 жылы басталған ашаршылық кезінде ата-анасымен Өзбекстанға қоныс аударып, 1942 жылдың 15 сәуірінде Ташкент облысы, Бөке ауданынан әскер қатарына шақырылады. Ш.Оразбайұлы соғыс даласында жүріп генерал К.Рокоссовский басқарған Беларусь майданының 885 атқыштар полкінде алдыңғы шептегі атқыш болған. Майдангерлер үшін соғыстың қасіреті де, зардабы да ауыр болғаны анық. Әсіресе жасы жиырмаға да жетпеген жас балаға қолына қару алып, кеудесін оққа тосу оңай болмады. Десе де намысшыл қазақ баласы ел мен жерді азат ету үшін қасықтай қанын аямай, жаумен күресуге бекінді.
Шакир Абдуназаров 1943 жылы Курск шайқасына қатысып жүріп екі рет жарақат алады. Оң жақ иығынан алған жарақаты ауыр болып, жас солдатты Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы әскери госпитальға жібереді. Соғысқа жарамсыз деп танылған майдангерге ІІ топтағы мүгедектігі беріліп, 1944 жылы Өзбекстанға қайтады. Ол қаншама тағдыр тәлкегіне ұшырап, нәубеттің ащы дәмін татса да, елге келген соң мойымай, тайсалмай қолдан келген жұмыстың бәрін атқарды. Сұрапыл жылдардағы естеліктер еңсені езгенімен ертеңгі күн үшін күресті. 1945-1947 жылдары Ташкенттің заң мектебін бітіріп, Бішкек қаласында прокуратура тергеушісі қызметін атқарды. Кейіннен Көкарал совхозында агроном, парторг болып жұмыс жасады. Елге оралған соң отау құрып, 1956 жылы Шакир Оразбайұлына туған жерден дәм-тұз бұйырып, кіндік қаны тамған Шиеліге қайта оралады. Бар күш-жігерін, қажыр-қайратын Отанына адал қызмет етуге арнаған азамат елге келген соң алғашқыда «Шиелі-Жабдықтау» мекемесінің меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Ал 1958 жылы жаңадан құрылған Қызылқайың совхозына партия жолдамасымен аға агроном, жұмысшылар комитететінің төрағасы, өндіріс бригадирі, кадр бөлімінің меңгерушісі, қойма меңгерушісі болып зейнет жасына дейін абыройлы еңбек етеді.
Ш.Оразбайұлы зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзіп қалмады. Жөлек ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы бола жүріп, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Майдангерлер» ансамблін құруға тікелей атсалысты. Бұл ансамбль сол кездегі ел астанасы Алматы қаласына барып, үлкен сахнада өнер көрсетті.
Ұрпақ жадында мәңгілік сақталатын майдангерлердің есімі әрқашан есімізден шықпайды. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен «Германиядағы жеңісі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сұм соғысты да, бейбіт күнді де көзімен көріп, басынан өткерген майдангер Палайым Оспанқызымен бас қосты. Екі ұл, бес қызды өсіріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Ел мен жерді қорғау үшін, оның дамып-өркендеуі жолында және қазақ елінің демографиясына да өзіндік үлесін қосқан соғыс және еңбек ардагеріне лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Шакир Абдуназаровтың көзін көрген аға буынның қалауы майдангердің есімі мәңгілік жаңғырып, кент ішіндегі бір көшеге аты берілсе деген тілекпен ұштасып жатыр. Бұл Ұлы Отан соғысында жан қиюға даяр болған батыр ұлға көрсетілген ұрпақтың ілтипаты болар еді.
Гүлхан ЯХИЯ