Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангердің ерлігі ескерілсе екен

Майдангердің ерлігі ескерілсе екен

Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқтал­ғанына – 75 жыл. Бұл аға буын ардагерлердің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан баһадүр ағаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Ұлы Отан сұрапыл соғыстың басталған кезінде, еліміздегі еңбекке жарамды ерлер түгелдей дерлік соғысқа аттанған еді. Отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы, жат жерде жан тапсырып, аман қалғандары қайтып оралды.
Жеңіс туын арқалап, аман қайтқан­дар­дың арасында Бекбай Акманбетов те бар еді. Ол 1920 жылы 3 мамырда 1 МАЙ ауылдық округінде дүниеге келген. Небәрі 21 жасында соғысқа аттанады. 1941-1942 жылдары орталық фронтта, 1942-1944 жылдары төртінші Украина, 1944-1945 жылдары Прибалтика майдандары құрамында бастан-аяқ қатысқан. Өжеттігімен, қайтпас қайсарлығымен соғыс даласында ерекше көзге түскен Бекең екі рет жарақат алған. Алғашқысында 1941 жылы 7 желтоқсанда Дедовск қаласында, екінші рет 1944 жылы Ржев қаласында әскери госпитальда емделген.
Бекең екі рет «Ерлігі үшін» медалімен және III дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталды.Туған жеріне 1945 жылы 16 қыркүйекте аға лейтенант шенімен оралды. Б.Акманбетов соғыстан кейін де бейбіт күнде білім алып, аянбай еңбек етуді тоқтатқан жоқ.1946-1948 жылдары Москва қаласында Жоғарғы офицерлер мектебінде оқыса, 1948-1949 жылдары Марксизм-Ленинизм кешкі университетін бітірді. 1955-1961 жылдар аралығында Ташкент мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.
Бекен есімнен шығатын адам емес, көп жақ­сылығын білемін, бірге жүрдік, жақсы жолдас болатын. Оның жүріс-тұрысы, болмысы әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Екеуміз бірге бірнеше жыл қызметтес болдық. Мен аудандық МГБ-ның бастығының орынбасары болып жүргенде, Бекен комендант еді. Ол кезде әскерде болған, дәрежесі бар адамдарды комендант етіп жіберетін, себебі басқа ұлттың адамдарын қоныстандыру үрдісі жүргізілді.
Бекен жұмысына адалдығымен әріп­тестерінің арасында сыйлы еді. Соғыстан кейінгі кезеңде күні-түні жұмыс істеп, қызметімізді атқардық. Өзінің білімінің, еңбегінің арқасында кейіннен Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болды. Халық сақшысы ретінде ауданда тәртіптің сақталуына көп үлесін қосты. Өзінің ізденімпаздығы мен еңбегінің арқасында Сұлутөбе ауылдық округінде ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне дейін көтерілді.
Бекбай Акманбетов 1967 жылы 47 жасында қайтыс болды. Өзі өмірден өтсе де артында елі үшін майдан даласында көрсеткен ерлігі, тәрбиелі ұрпағы мен өзін құрметтеп, мақтан тұтатын халқы қалды.
Жеңіс туының желбіреуі үшін жан алып, жан бе­ріскен майдангерлердің есімі қай кезде де ұмытылмауы керек. Келешек ұрпақ аталарының ерліктерін есте сақтап, солардың жүріп өткен жолына, ел үшін жасаған ерліктеріне қарап бойларын түзеу қажет. Шиеліде бір көшеге Бекеннің есімін берсе, аты есте қалар еді. Келешек ұрпақтың есінде аталары елін сүйген, жерін қасиет тұтқан, елін қорғаған батыр болғанын білгендері дұрыс.

Серғара Ізтілеуұлы,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»,
Қызылорда облысының құрметті ардагері, КСРО қарулы күштерінің ардагері
05 мамыр 2020 ж. 635 0