ҚАРЫЗҒА БАЙЛАНҒАН ҚОҒАМ
Екі мыңыншы жылдардың ортасынан басталған қаржы ұйымдарының «қамқор пейілі» бүгінде қоғамды тұтас баурап алған қаржылық тәуелділікке алып келді. Бір қарағанда, банктер халыққа «жарылқаушы» секілді көрінген. Яғни қажет соманы әп-сәтте ұсынады, құжат сұрауы жеңіл, төлеу мерзімі алыс. Сол тұста жұртшылық та өз қалтасының қалыңдығын, ертеңгі күнін емес, «қазір және дәл қазір» деген көңілдің жетегінде кетті. Нәтижесінде, несиесіз күнін көре алмайтын, қарызсыз өмірін елестете алмайтын ұрпақ қалыптасты.Бүгінде Қазақстанда несие алмаған адамды табу қиын. Статистикаға сенсек, 9,23 миллион экономикалық белсенді азаматтың тек 1,7 миллионы ғана несие алмаған. Қалғандары – банкке де, онлайн-қарыз берушілерге де қарыз. Бұл жай ғана көрсеткіш емес, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік дабыл. Қарыздың қолға тиген сәті – адамға уақытша бақыт сыйлайтын иллюзия. Сол бір сәтте банк «тегін беріп отырғандай» көрінеді. Ал төлем уақыты жеткенде – күйзеліс. Айлық жетпейді, шығын көбейеді. Қарыз жабылған сайын жаңа қарызға тәуелділік пайда болады. Осылайша, миллиондаған адам болашағын қарызға байлап, бірнеше жылға емес, кейде өмір бойы аяққолына кісен салған күйде жүреді. Борышкердің амалы тағы бір қарыз алып, алдыңғысын жабу. Бұл – өзін-өзі алдау. Бірақ банкті алдау мүмкін емес. «Қарызын өтемейтін борышкер» деген қара тізімге іліккен сәтте, адам тек материалдық емес, моральдық қысымға да ұрынады. Қоғамдағы ең ауыр мәселенің бірі – онлайннесие. Соңғы бірнеше жылда бұл сала арқылы халықтың қалтасын қағу оңай бизнеске айналды. Кепілсіз, құжатсыз, бірнеше минуттың ішінде берілетін қарыздар миллиондаған адамның тағдырын өзгертті. Бұл саланың жылдамдығы мен қолжетімділігі – оның басты «қаруы». Мемлекет те бұған бейжай қарамады. Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн-микронесиеге шектеу қойып, басқа елдердің тәжірибесін зерттеуді тапсырды. Мәжіліс депутаттары да алаңдаулы. Олар онлайн-несиеге толық тыйым салу туралы мәселе көтерді. Себебі мұндай ұйымдар қарыз алушының төлем қабілетін тексермейді, несие берудегі жауапкершілігі төмен. Заңнамалық өзгерістер пайыздық мөлшерлемені азайтқанымен, түпкі мәселені шешпейді. Себебі проблема пайызда емес – халықтың қаржылық сауатының төмендігінде. Елде микроқаржы ұйымдарының саны бір жылдың ішінде мыңға жуықтаған. Олардың әрқайсысы бір мақсатта – тез несие беру, тез пайда табу. Өткен жылдың өзінде онлайн несие алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асқан. Бұл – тек ресми статистика. Ал одан тыс, қарызын қайтара алмай, коллекторлардан қорқып жүрген мыңдаған адамның тұрмысын ешбір есеп көрсетпейді. 2020 жылы мемлекет 500 мың адамның несиесін кешірді. 2022 жылы тағы 28 мың адамның қарызы жабылды. Бірақ бұл уақытша тыныс қана. Себепті емес, салдарды жою. Жасыратын несі бар, жасы он сегізге енді толған жастардың да қарызға құмарлығы едәуір артты. Мұғалімінің айлығындай несие алып, оның бәрін құмар ойындарға, қаржы пирамидаларына немесе онлайн-алаяқтарға аударып жатқан оқиғалар күн сайын кездеседі. Несие жасын 21-ге көтеру туралы ұсыныс болды. Бірақ бұл да түбегейлі шешім емес. Себебі мәселе жасында емес, жастардың қаржыға сауатты көзқарас қалыптастырмауында. Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы да, сарапшылар да бір ауыздан айтады: халықтың қаржылық сауатын арттырмай, е ш қ а н д а й т ы й ы м д а , ш е к т е у де нәтиже бермейді. Өйткені тыйым салынған жерде заңсыз жол іздейтіндер табылады. Ал сауатты адам – ешқашан өзіне қажетсіз қарыз алмайды. Қоғамда бүгінгі таңда ең көп талқыланатын мәселе – онлайн-несиені тоқтату. Қарызды азайтудың бұл әдісі бір жағынан тиімді көрінеді. Бірақ тыйым салу – әрдайым шешім емес. Тыйым – уақытша тосқауыл ғана. Ал мәселенің түп тамыры – халықтың өз қаржысына жауапкершілікпен қарамауында, экономикалық тәрбие мен жоспарлау мәдениетінің қалыптаспағанында. Қаржылық тәуелділік – тек жеке адамның проблемасы емес. Бұл – ұлттық экономиканың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Микронесиеге, онлайн-қарызға тәуелділік артқан сайын қоғам әлсірейді, әлеуметтік күйзеліс көбейеді, жастардың болашағы қарыз жүктемесімен басталады. Несие – адамның дамуына, кәсібін, тұрмысын жақсартуға бағытталған құрал болу керек. Бірақ ол бүгінде адамның еркіндігін шектейтін, өмірін қиындататын құралға айналды. Тыйым салу – бір шешім. Бірақ ең бастысы – халықтың қаржылық мәдениетін нығайту, табыс көздерін ұлғайту, жастарды жауапты қаржылық мінезқұлыққа үйрету. Сонда ғана біз қарыздың қақпанынан ш ы ғ ы п , қ а р ж ы л ы қ еркіндікке қарай қадам баса аламыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА







