Сұлутөбеден саябақ ашылды
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылдық округінде «Қызыл жұлдыз» орден иегері, ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан М.Тоқмағанбетовтың құрметіне орай саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, облысытық ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Б.Баймаханов, ардагердің әкесі Жақанша Тоқмағанбетұлы мен батыр ана Пейішкүл қатысты.
Ауған соғысының ардагері Мақсұт Жақаншаұлы Шиелі ауданы, Сұлутөбе қыстағында 1961 жылы дүниеге келген. Ол 1976 жылы комсомол қатарына қабылданады. Содан 1978 жылы мектепті тәмамдаған соң Қызылорда облысындағы совхоз-техникумының зоотехникалық факультетіне оқуға түседі. Оны 1981 жылы аяқтап, сәуір айында әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын ауған жерінде өтейді. 1982 жылы 9 қазанда М.Тоқмағанбетов небәрі 20 жасында сұм ажалдың тырнағына ілігіп қаза табады.
Саябақтың ашылуын ауыл тұрғындары көптен бері күткен болатын. «Армандар орындалады» дегендей, міне, бүгін ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырға арналған демалыс орыны өз есігін көпшілікке айқара ашты. Жаңа нысанның ашылу салтанатына жиналған қауымның қуанышы ерекше. Сондай-ақ, ардагердің мектеп бітіргеніне 40 жыл толуына орай сыныптас достары көше басына арнайы белгі де орнатты.
– Атақты жауынгер-жазушы Б.Момышұлы «Айбындылық аспаннан түспейді» деп қаһарман ұлдарын жігерлендірген. Сондықтан ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу біздің азаматтық парызымыз, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов.
Шапағат Тілеубаев