Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауған соғысында от кешкендер

Ауған соғысында от кешкендер

Тарих жылнамасынан халық жадында қалған соғыстың бірі – Ауған соғысы. Айтуға оңай, сұрапыл зобалаң, қаншама тағдырды жалмады. Цифрлы деректерге салсақ, Ауған жерінде сол кезеңде КСРО-ның 620 мыңға жуық, соның ішінде қазақстандық 22 мың адам әскери қызметін өтеді. 15 526 адам, соның ішінде 925 қазақстандық алған жарақаттарымен ауруының салдарынан қайтыс болды деген деректер бар.

10 жылға созылған соғыс майданына Кеңес әскерінің ішінде әскер қатарына алынған қазақ сарбаздарының табандылықпен ерлік танытқаны тарих беттерінде өшпестей жазылды. Ондай ерлікті еске алсақ, көз алдымызға от шарпыған қанды қырғын мен қарша бораған оқтың қас-қағым сәтте ажал құштырғаны қабырғаңды қайыстырады. Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толды. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде ­«Ардагер ағаларға мың алғыс» атты мәдени шара өтті. Онда барша жұртшылыққа құттықтау тілегін жеткізген аудан әкімінің ­орынбасары Б.Жаниязов: «Әр жыл өткен ­сайын Ауған соғысына қатысқан ардагер ағаларымыздың ерлігі ұмытылмай елімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп, барлық мектепте олардың ерлігі ұлықталып келеді. Сондықтан бабалар ерлігін ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз», – деді. Одан әрі «Nur Otan» ­партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет сөз алып, Ауған соғысы ардагерлеріне жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ мәдени шараның төрінде отырған А.Жағыпбаров, О.Шабанов, А.Сүйрікбаев, О.Мыңбаев т.б бірқатар ардагерді ­марапаттады. Ұрпағына рух пен жігер сыйлаған Ауған соғысының ардагері С.Берімбетов алғаусыз ақ тілегін білдіріп, көрермендерді жігерлендіре түсті. Одан әрі мәдени шара мерекелік бағдарламаға ұласты.

Г.Әбдіханиқызы

18 ақпан 2020 ж. 1 038 0