Ардагер атындағы турнир
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудандық спорт кешенінде мекемелер арасында шағын футболдан ауған соғысының ардагері Жұмат Қалекеевті еске алу турнирі өтті. Турнирді аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов ашып, жарысқа қатысушыларды келе жатқан мерекелермен құттықтай отырып, ардагердің өмір жолына, ізгі істеріне тоқтады.
Жарыстың мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмірді қалыптастыруға ықпал жасау, үздік ойыншыларды анықтау болды. Мекеме арасындағы бәсеке басынан-ақ қыза түсті. Ойын жиналған жұрттың қызығушылығын оятып, шара шаттығы арта түсті. Ойын қорытындысында шеберлік танытқандарға, жарыс жеңімпаздары мен жүзден жүйріктерге құрмет көрсетілді.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, Ауған соғысында қаза болған жерлесіміз Жұмат Қалекеевті еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Дұшпанға қалқан, халыққа қорған бола білген Ж.Қалекеевтей асыл азаматтарды мақтан тұтып, жастарға насихатталды.
Шараның қорытындысы бойынша, 1 орынды №6 кен басқармасы қанжығасына байласа, 2 орынды аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі жеңіп алды. Ал, «Иіркөл» кеніші 3 орынды місе тұтты. Нәтижесінде, жеңімпаз командаларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жиын барысында Ж.Қалекеевтің бауыры Жұмат Сматұылы өз ойларын ортаға салды. Ал, отбасы мүшелері ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Міне, тіршілікте артына мол өнеге қалдырған, жақсы істерімен ел жүрегінде қалған азаматқа деген ел құрметі осындай болды.
Ж.Қауғанбаева.