Ауылдағы өрт сөндіру бекеті

Апта басында Ақордада салтанатты жиын өтті.
19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарын құттықтап, мемлекеттік награда тапсырды. Осындай марапат биігінен Сыр елінің азаматтары да табылды. Соныңбірі – Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылының тұрғыны, «Оңталап» шаруа қожалығының жетекшісі Әбдіхамит Аралбаев. Оған Мемлекет басшысы өз қолымен «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты.
Қожалық құрылтайшысы Әбдіхамит бұл марапатты өз ауылына өрт сөндіру бекетін салып бергені үшін иеленді. Құрылысына 50 млн теңге жұмсалған ғимарат – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға, тұрғындарды қорғауға қажетті әлеуметтік жоба. Бастама ауыл инфрақұрылымын жақсартуға ғана емес, халық амандығына деген нағыз жанашырлықтан туған еді.
– «Оңталап» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, ел ішіндегі мәдени-көпшілік, қайырымдылық іс-шараларға тұрақты демеушілік көрсетеді. Халықаралық әйелдер күні, Құрбан айт, Балаларды қорғау күні, Қарттар күні сынды атаулы күндерде қаржылай қолдау танытып келеді. Ең бастысы, шаруашылық балалардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізу үшін 30 млн теңгеге спорт алаңын салды. Сондай-ақ жыл сайын баспанаға мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, 12 тұрғын үй алып берді. Ауылымыздағы 150 адамға арналған Әбу Ханифа мешітінің құрылысына 35 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұдан өзге игі істері жетерлік, – дейді ауыл әкімі Қанат Әбдіғаппарұлы.Биыл «Оңталап» шаруа қожалығы 1265 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның 661 гектары күріш, қалғаны жоңышқа алқаптары. Қазір қожалықта 45 адам тұрақты жұмыс істейді.
– Басшы ретінде алдымен диқандар мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстаймын. Еңбекақысын уақытылы төлейміз, әлеуметтік жағдай жіті назарда. Шаруашылық үлескерлеріне де, қожалық қызметкерлеріне де мал азығы тегін таратылады. Ақтөбедегі шараларға демеушілік көрсету тұрақты дәстүрге айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Ауыл құтқарушылары» бастамасы – еліміз үшін өте керекті жоба. Әр аймақта салынған бекеттер өрттің алдын алуға сеп болып отыр. Біз де шаруашылық есебінен құрылыс жүргізіп, өрт сөндіру бекетін іске қостық. Бұның жалғыз Ақтөбе емес, көршілес ауылдарға да көмегі көп, – дейді Әбдіхамит Аралбаев.Елге қызмет ету – ер абыройы. Қожалықтың ауыл шаруашылығын дамытуға, еңбек адамдарын қолдауға, әлеуметтік нысандар салуға және қайырымдылық шараларына тұрақты атсалысуы елді мекеннің өркендеуіне оң ықпалын тигізері анық. Ал халық алғысы тірліктің берекелі болуына жол ашады емес пе?!
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Қармақшы ауданы






