Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ҚОЖАЛЫҚ

ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ҚОЖАЛЫҚ

Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің алға қойған маңызды міндеттері көп. Соның бірі – ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Осыған сәйкес соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласында бірқатар ауқымды жұмыстар мен жобалар қолға алынып, қарқынды түрде жүзеге асып келеді.


Бүгінгі таңда аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар шаруа қожалықтар қатары артып келеді. Адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өніп-өскен өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Осынау берекелі әрі игі істі бастап, бүгінде шаруасы ширақ, ісі мығым, өнім көлемі жылма-жыл артып, материалдықтехникалық жағынан нығая түскен шаруа қожалықтың бірі – «Шолпан ана» шаруа қожалығы десек болады. Оған елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған Қанат Сәулебек жетекшілік етуде. Жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті бөлім басшыларымен бірге Жөлек ауылдық округіне қарасты «Шолпан ана» шаруа қожалығының егіс алқабын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Дала еңбеккерлерімен тікелей тілдесіп, әрқашан қолдау білдіретінін жеткізді. Айта кетейік, шаруа қожалық биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақсатында 70 гектар жерге дәндік жүгері екті. Егістік алқабына өңірдің климаттық жағдайына бейімделген, өнімділігі жоғары «ДКС 5709 ФАО 580» гибридті жүгері сорты себілген. Шаруа қожалық жетекшісі Қанат Сәулебек су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін мүмкіндігінше қолданып, шаруашылықтың жұмысын ширатып отырғанын атап өтті. – Қазақ халқында «Еңбек – бәрін жеңбек» деген жақсы әрі дөп айтылған сөз бар. Әуелі, Алла, содан соң ұжымдағы іскер, өз жұмысына адал азаматтардың арқасында еңбегіміз өніп, жұмысымыз жүйелі жүруде. Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, – деді ол. Бүгінде шаруа қожалықтың жоспары жұмыр, мақсаты айқын. Көктемгі «Дала күні – 2026» егіс науқанында дәл осы аталған шаруа қожалықта алғаш дән себіліп, сәтті қадам басқан болатын. Міне, жүргізілген жүйелі жұмыс пен тынымсыз еткен еңбек те өз нәтижесін беруде. Бұл тұрғыда тиісті қолдау көрсету, елдің дамуы, өркендеуі жолындағы нық қадам. Себебі, ауыл шаруашылығы – тек бизнес емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүріміз, мәдениетіміз. Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас. Бастысы, еңбек ету керек. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Шолпан ана» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.
17 маусым 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930