ЕҢБЕККЕ ЕПТІЛІК – ШАРУАШЫЛЫҚ БЕРЕКЕСІ
Аудан көлемінде ауыл шаруашылық саласында өзіндік орны бар шаруа қожалықтар қатары жетерлік. Бүгінде шаруасы ширақ, ісі мығым, өнім көлемі жылма-жыл артып, материалдық-техникалық жағынан нығая түскен шаруа қожалықтың бірі – «Бестам Елі» шаруа қожалығы десек болады.
Алдымен шаруа қожалықтың тарихи құрылымын тілге тиек етсек. 2013 жылы «Дихан» күріш компаниясының таралуына байланысты өз алдына «Бестам Елі» шаруа қожалығы құрылды. Аталған шаруашылықтың төрағасы болып Балтабай Қошқаров бірауыздан сайланады. Жастайынан егін шаруашылығына бет бұрған іскер азамат сөзімен де, ісімен де ел назарын өзіне аудара білді. Ол солай аталған серіктестікті 2010 жылдан бері басқарып келеді. Бүгінде талай жанның үкілеген ақ үмітін ақтап, шаруа қожалықтың құлашын кеңге жаю жолында сүбелі еңбек етіп келеді. Ауылдастарының сөзінше, қазіргі күні шаруашылықтың жұмысы шираған.
Алдымен шаруа қожалықтың тарихи құрылымын тілге тиек етсек. 2013 жылы «Дихан» күріш компаниясының таралуына байланысты өз алдына «Бестам Елі» шаруа қожалығы құрылды. Аталған шаруашылықтың төрағасы болып Балтабай Қошқаров бірауыздан сайланады. Жастайынан егін шаруашылығына бет бұрған іскер азамат сөзімен де, ісімен де ел назарын өзіне аудара білді. Ол солай аталған серіктестікті 2010 жылдан бері басқарып келеді. Бүгінде талай жанның үкілеген ақ үмітін ақтап, шаруа қожалықтың құлашын кеңге жаю жолында сүбелі еңбек етіп келеді. Ауылдастарының сөзінше, қазіргі күні шаруашылықтың жұмысы шираған.
Көктем келіп Жер-Ана бусанып, тіршілікке қайта жан біткен шақта егін алқабы қайтадан жанданып, түрленетіні де белгілі. Өткен жылы «Бестам Елі» шаруа қожалығы 50 гектарға жаздық бидай, 50 гектарға жаңа жоңышқа, 170 гектарға ескі жоңышқа, 30 гектар жерге мақсары, 250 гектар жерге «лидер» тұқымын сеуіп, 60 гектар жерге бақша өнімдерін еккен. Ал биылғы жылдың жоспарына сәйкес 300 гектарға күріш, 30 гектарға мақсары, 30 гектарға жаздық бидай, 170 гектарға ескі жоңышқа, 50 гектар жерге бақша өнімдерін егуді жоспарлап отыр.
«Бестам Елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаровтың сөзінше, қазіргі таңда қожалықта 40 қызметкер бар. Барлығы өз жұмысын тиянақты атқарады. Шаруашылықтың жылдағы жоспары бойынша жоңышқа 3 рет орылады. Сонымен қатар меже бойынша 170 үлескер отбасыға егістік алқабын дайындап, күріш, жоңышқа шөбі шаруа қожалық есебінен тегін таратылады. Одан бөлек дала төсінде еңбек етіп жүрген жұмысшылар жатын орын ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Шаруашылықта еңбек ететін қызметкерлердің жалақысы да ай сайын уақытылы аударылып отырады.
– Қазір жұмыс істеймін деген білікті мамандарға қай салада болсын сұраныс көп. Бізде техникаға жақын, іскер, білімді жастарды жұмысқа тартып, оларға әлеуметтік көмек көрсету жолдары да қарастырылған. Қазір сенделіп жүрген жастар көп. Оқуын оқып, қолына дипломын алады да, түнгі көшені кезіп, таң атқаннан кеш батқанға дейін ұйықтайды. Солай жүгенсіз жүрген бірнеше баланы жұмысқа шақырып едім, бәрі ат тонын ала қашты. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін» жастарға қарап қайран қаласың. Бір нәрсені үйренейін, келешек нәпақамды маңдай термен табайын демейді. Бәрінің аңдығаны, ойлағаны – оңай олжа, қызық, думан. Киелі мекеннен шыққан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыз да табысқа осы Жер-Ананың, ерен еңбектің арқасында қол жеткізді. Сондықтан қазіргі жастарға айтарым, ауыр жұмыстан қашпай, шаруашылықта атқарылатын жұмыстарды үйрене бергені абзал. Алдағы уақытта жеке шаруа ашса да өзіне пайда, жұмыс істесе де өзіне пайда, – деді Балтабай Қошқаров.
Бүгінде шаруа қожалықта білікті мамандар жетерлік. Майталман механизаторлар Е.Бабыр, С.Арысбаев, С.Жарасбаев, Б.Қожаев, Ә.Байжанов, Р.Саханов, Ә.Досманов сынды азаматтар мәртебелі мамандықты меңгергенін өлшеусіз еңбектерімен дәлелдесе, аталған қожалықтағы белді күрішшілер сапындағы Сейітбек Жарылқасынов, Нұртуған Ортаев, Ағыбай Досмановтар табанды еңбек етуде. Сонымен қатар егістікке қажетті Беларус МТЗ-80, МТЗ-1221, К-700, MacDon сияқты алып техникалар жүйелі жұмыс істеуде. Сондай-ақ бұл күнде шаруа қожалықтың қызметкерлері жұмыстың қиындығына қарамастан, сөзге беріктік пен еңбекке ептіліктің арқасында шаруашылықтың берекесін арттырып отыр.
Дархан Байтілес