Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі іс бірлікпен бітеді

Берекелі іс бірлікпен бітеді

Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында «Бестам Елі» шаруа қожалығының өзіндік орны бар. Өйткені мұнда ұтымды ұйымдастырудың нәтижесінде өнім көлемі жылма-жыл көбейіп, материалдық база нығая түсуде. Бүгінде шаруашылықтың ісі ширақ, еңбегі өнімді. Ала жаздай еңбектеніп жүрген диқандардың мерейге бөленер шағы қазір. Егінге орақ түсіп, қырмандар дәнге толды.
Алдымен шаруашылықтың тарихына тоқталсақ. 2013 жылы «Дихан» күріш компаниясының таралуына байланысты өз алдына «Бестам Елі» шаруа қожалығы құрылды. Содан бері аталған шаруашылықтың төрағасы Балтабай Қошқаров іскер азамат екенін сөзімен де, ісімен де аңғартып келеді. Ол аталған серіктестікті 2010 жылдан бері басқарып жүр. Сол уақыттан бері шаруашылық жұмысының ширағанын әріптестері де жасырмайды. Ерте көктемде науқан жұмыстарына кірісіп кеткен шаруашылық ұжымы 50 га жаздық бидай, 50 га жаңа жоңышқа, 170 га ескі жоңышқа, 30 га жерге мақсары еккен. Одан бөлек 60 га жерге бақша өнімдері егілген. Биыл қожалық 250 гектарға «лидер» күрішінің дәнін тастап, бүгінге дейін 100 га күріш төкпей-шашпай жинап алынған. Гектарына 50 центнерден жоғары өнім алып, бастырып, диірменге ағартуға жіберген шаруашылық жұмысы жүйелі. Осындай тындырымды тірліктің басы-қасында жүрген Балтабай ағаның еңбегі елеулі.
– Қожалықта 40 қызметкер бар. Барлығы өз жұмысына тиянақты. Барлық жұмысшылардың орны бөлек, адал еңбек етеді. Жоңышқа 2 рет орылды. Үшінші орымға орақ түсті. Айта кетейін 170 үлескер отбасыға 120 данадан жоңышқа шөбі таратылады. Одан бөлек дала төсінде еңбек етіп жүрген жұмысшылар жатын орын және ыстық тамақпен қамтылған. Мен осы шаруа қожалықтың төрағасы болғаныма да он жылдан астам уақыт болды. Қай салада болсын білікті мамандарға сұраныс жоғары. Сол секілді іскер, білімді жастарды жұмысқа тартып отырамыз, – деді Балтабай Қошқаров.
Жұмыстың қиындықтарына қарамастан сөзге беріктік пен еңбекке ептіліктің арқасында шаруашылықтың берекесі артты. Аталған қожалықтағы белді күрішшілер Бағдат Шашанбаев, Мәдібек Жүсіпов, Нұртуған Ортаев, Әлжан Досманов, ­Жанат Башаев, Сейітбек Жарылқасынов, Әлияр Байжанов, Ағыбай Досмановтар табанды еңбегінің арқасында абыройға бөленіп жүр. Майталман механизаторлар Ержан ­Бабыров, Серік Арысбаев, Қыдыр ­Рысхановтар мәртебелі мамандықты меңгергендерін ісімен де дәлелдеп келеді. Егістіктегі өнімді төкпей-шашпай қырманға жеткізіп отыратын тасымалдаушылар Бақытжан Қожаев, Досман Әлішерлердің еңбегін айтпай кетуге болмас. Бригадир Досман Әлхан және даланың қос ­шынары Мейрамкүл ­Молдашева мен Мария Жақыповалар да ерен еңбек етіп келеді. Осы ретте егістікке қажетті Беларус МТЗ-80, МТЗ-1221, К-700, ХТЗ-2, комбайн сияқты алып техникалар жүйелі жұмыс істеуде.
– Жастардың көбі дала жұмысына, әсіресе егін шаруасына бара бермейді. Қазір техниканы меңгерген жастарға сұраныс жоғары. Механизаторлар жетіспеушілігі басым. Сондықтан жастар маусымдық жұмыс кезінде қырман басында, егіс даласында жүріп-ақ нәпақасын таба алады. Сонымен қатар трактор мен алып комбайнды тізгіндеуге ынта-жігері бар жастарды алдағы уақытта шаруашылыққа тарту көзделіп отыр, – деді шаруашылық төрағасы.
Қорыта айтқанда, шаруа қожалықты басқарып отырған Балтабай ағаның адал еңбегін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
19 қыркүйек 2022 ж. 418 0