Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақпанда алқапқа дән септі

Ақпанда алқапқа дән септі

Ақпан – қыстың соңғы айы. Ақпанның аязына қарамастан дала жұмысына білек сыбана кіріскен «Сейтжановтар» шаруа қожалығы биыл мол өнім алуды көздеп отыр. Қыстың күні жаздық бидай мен мақсарыны жер қойнына тастаған шаруалар егін науқанын ерте бастады.
Жалпы 1992 жылы құрылған «Сейітжановтар» шаруа қожалығының негізгі бағыты – асыл тұқымды мал және егін шаруашылығын дамыту. Бүгінде «Сейітжановтар» мен «Адына» сияқты қос бірдей шаруа қожалықты басқарып отырған Шағдар Сейітжанов «Жақсы өнім аламын десең, дәнді тоңға таста» деген тәмсілді берік ұстанған азамат. Ол ақпан айында қара жерге алғашқы дақылын екті. Тақырыпты тарқатып айтсақ, Сейітжановтар шаруа қожалығында 500 гектарға жуық егістік алқабы бар. Соның 30 гектар жеріне жаздық бидай орналастырған.
Ал қосалқы «Адына» шаруа қожалығында 200 гектар егістік жер бар. Оның 50 гектар жеріне мақсары тастап үлгерген. Бүгінде шаруашылық иелігінде Қостанайдан құрастырылған К-730, Семейден шыққан МТЗ-80, МТЗ-82, ТОРМ-750 маркалы техникалар тұрақты жұмыс істеуде. Шаруа қожалықта 20 адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақылары 120 мыңды құрайды. Қожалық басшысының жұмысшыларға қолайлы жағдай жасағанының арқасында бүгінгі күні шаруашылықтың ісі алға басып келеді.
– Жалпы мен Қостанай мен Шымкенттен байқағаным, күз айларында жерді айдап, дайындап қояды. Шымкенттік әдіске салып жерді қара күзде айдадық. Содан ақпан айында бетін тармалап жаздық бидай ектік. Жаздық бидай 30 гектар жерге егілсе, қазіргі кезде 470 гектарға Сыр салысын егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оған қоса, 40 тонна «Аммофос» дәрісін дайындап қойдым. Сондай-ақ 20-дан аса жұмысшымыз да өз ісіне кірісіп кетті, – дейді шаруа қожалықтың төрағасы Шағдар Сейітжанов.
Байқауымызша, биылғы жылы ақтоғандық диқандар егістің жылдық орташа өнімділігі көлемін өткен жылдарға қарағанда едәуір арттыруға ниетті көрінеді. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Ақтоғандық шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасытып отыр. Көктемгі егіс, дала жұмыстары алдағы уақытта да қарқын ала түспек.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
13 наурыз 2022 ж. 571 0