Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Іске сәт, «Бестам-Елі»!

Іске сәт, «Бестам-Елі»!

Қыстың көбесі сөгіліп, далада көктемгі еңбек дүбірі басталып кетті. Алқапқа алғашқы дән де егілді. Тұқым себу жұмыстары жалғаса түскен. Таңмен таласа тұрған диқан қауымның бар жігері дәнегу, мол ырыс деген ұғымға тоқайласқан. Бестам ауылдық округінің диқандары да көктемгі дән егу жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтап шығуға жұмылған. Оған «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаровпен тілдескенде көзіміз жетті.
Биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек. Басымызға түскен сынақ сан қырымыздан сынап үлгерді. Медицинаның қауқарын, сандық жүйенің сапасын аңғартқан пандемияның салдарынан жұмыс көздері де тұралап қалды. Алайда, құмырсқадай ерте көктемнен дән таситын диқан қауымының жұмысына індет тосқауыл бола алмайды. Жүзін күнге күйдіріп, етін еңбекке өлтірген еңбек адамдарының жыл сайын үрдіске айналған жұмысы бұл. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Бестам елі» шаруа қожалығында 40-қа тарта адам еңбек етеді. Биылғы жылы 300 га жерге күріш егуді межелеп, оның 100 га суға бастырып та үлгерген. Сонымен қатар 60 га жаздық бидай, 20 га мақсары, 150 га жаңа және ескі жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Дала қосындағы қыз-қыз қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген төраға:
– «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген бар. Бестамдықтар ырзық-несібесін жерден теріп, атакәсіпті кеңінен дамытып келеді. Еңбекке шыныққан бригадир, механизатор мен күрішшілер ала жаздай егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Диқандар биыл да егіннен мол өнім жинауға үмітті.Еліміздегі төтенше жағдай шаруаларға қолбайлау болып отырған жоқ. Ең бастысы сақтық шараларын барынша ұстанып, егін егіп жатырмыз. Мұндай шақта қарап отыруға болмайды. Қазір нағыз егін егу науқаны. Мемлекеттен қажетті қолдауларды атап айтсақ, арзандатылған жанар-жағармайды алып отырмыз, – деді.
Шаруашылық өркендесе, ауыл қашанда берекенің бастауы болып қала бермек. Өріс толған төрт түлік, түздің беті түгел егін болса, бұдан асқан байлық бар ма? Жер-Ана ерінбей еңбектенгеннің несібесін кемітпейді. Осыны санасына терең сіңіріп, қара жердің қасиетіне жете білген «Бестам-Елі» шаруа қожалығының шаруалары еңбек көрігін қыздырып келеді. Мына заманда техникасыз іс тынбайтынын жақсы түсінетін олар алқаптың темір тұлпарларының тілін жетік меңгерген. Қожалықта «КТЗ», «МТЗ» «Беларус», «1221» маркалы жер айдайтын трактор, «К-700», соқа сынды техниканың түрлері табылады. Олар күн ұясынан шыққаннан кеш қарайғанша бел жазбайды. Гектар-гектар қара жерге қыртыс салып, дән себеді. Өнімдерін өзінің баласындай баптап, ерекше күтеді. Есесіне жаздың ортасында диқандар бейнетінің зейнетін көреді. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей қабақ шытпай еңбек еткендер өнімге қарық болатын күннің алда екенін жақсы біледі.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 мамыр 2020 ж. 777 0