КӨКТЕМ КҮНІ – ЖЫЛҒА АЗЫҚ
Қаһарлы қыс қыр асып, көктем де бел ортасына шықты. Күн нұрын шашты. Көктемнің ұзынсары атанған мезгілі қат-қабат, қарбалас тірлікті де ала келетіні бесенеден белгілі. Қой қоздап, қорада шу басталды. Көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін диқан қауым дала төсін еңбек дүбіріне бөлейді. Егіс алқаптарында еңбек көрігін қыздырып, ертеңгі күннің мал өнімінің негізін қалайды. Олай болса, ауданымызда көктемнің шуағы, жауынның ылғалы, жер-ананың қызуымен егілетін көктемгі егістің барысы қалай? Қанша гектар жерге қандай дәнді-дақылдар егілмекші? Қатысатын техникалар күші жеткілікті ме?
Көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталады. Бұл – күзде орғанын кәдеге жаратқан егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін, қайнаған еңбектің қызатын шағы.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында бағдарламаларды жүзеге асыру ауданымызда да қарқынды даму үстінде. Қазақтың жүрегі – ауылда. Жаһандану дәуірінде қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап отырған ауыл адамдары екені баршаға мәлім. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып жер анадан берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, ыдысы ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың табыс қазанын қайната түсуіне үлкен жол ашылып келеді.
Аудан аумағындағы агро-құрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековтың бізге берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, үстіміздегі жылы 29 151 гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде дәндi дақылдар үлесі – 14 505 гектар яғни, күздік бидай 1100 га, жаздық бидай 330 га, тары 75 га құрайды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 13 000 гектарға межеленген. Майлы дақылдар мақсарыны 1100 га, сояны 70 га аумаққа егу жоспарлануда. Мал азығына арналған жаңа жоңышқа – 3025 га, ескі жоңышқа – 5448 га, мал жемдік асқабақ – 106 га алқапқа орналастырылса, 1200 га картоп, 1547 га көкөнiс және 2150 гектар бақша дақылдары егіледі.
Қазіргі таңда дала төсінде еңбек дүбірі кернеп, диқандар үшін қауырт науқан жүруде. Егін даласында күріштің 85 проценті себу дәрежесіне жеткізілді. Егістікке қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер де дайын тұр. Шаруа қожалық иелері науқанға қатысатын техникалардың да сақадай сай тұрғанын айтуда. Сондай-ақ, аудан бойынша көктемгі егінге мемлекет тарапынан 2180 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, литрі 170 тенге болып бекітілді. Дәл қазір күріш егіс алқабында жер айдау жұмыстары жүргізілуде.
Осылайша әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстары басталып, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыру мықтап қолға алынуда. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Байқауымызша, биылғы жылы шиелілік диқандар егістің жылдық орташа өнімділігі көлемін өткен жылдарға қарағанда едәуір арттыруға ниетті көрінеді. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Сондықтан Ыбырай атаның ізбасарлары да тынымсыз тірліктің арқасында табыстың тайқазанын тасытатынына сенім мол.
Егін егу – жауапты кезең. Көктемгі егіс-дала жұмыстары алдағы уақытта да қарқын ала түспек. Ендігі міндет берілген мүмкіндікті толық пайдалана отырып, ұйымшылдықпен еңбек ету. Басты мақсат – егін егу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, мол өнімнің негізін қалау. Бұл берекелі игілікті іс барысында егін егумен айналысатын әрбір шаруашылықтың басшысы мен диқандарға үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеледі. Өйткені, көктемнің әр күні – жылға азық.
Гүлхан ЯХИЯ