Көшеге шығайықшы күліп, еркем!
Бүгін – көктемнің алғашқы күні. Жер дүние жаңарып, жаңа әлем орнағандай табиғат әрі-сәрі күй кешуде. Жылдың әр мезгілі де ерекше. Әрқайсысының өзіне тән өзгешелігі бар. Ал, көктемнің орны тіптен ерекше десек жаңылыспаспыз. Бұл мезгілде хош иісті, мың сан бояулы гүлдер бүр жарса, ақын жүректерде өлең бүр жарары хақ. Біз бүгін барша оқырмандарды көктемнің алғашқы күнімен құттықтай отырып, көктем туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз. Бұл көктем – сіздің көктеміңіз! Сәлем, көктем Сәлем, көктем, Мен қайтадан туылдым, Көк аспанның күмісімен жуындым. Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің, Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым. Сәлем, көктем, Таңғы самал ескенде, Бұлт гүл болып өскенде, Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де, Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде. Сәлем, көктем, Өрнек қандай су салған, Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған. Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың, Жұпар исін жұта берем жусаннан. Сәлем, көктем, Өліп кетпеу үшін мен, Күннің нұрын жүрегіме түсіргем. Аспан асты – керемет той, аста-төк, Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген… Сәлем, көктем, Өркеш-өркеш томарың… Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!.. Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып, Қауызында сақталса еді обалым!.. Сәлем, көктем! Кіл еңбекқор, кіл асқақ Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан. Көңілімнің оркестрін ойнатты, Тырналардан нота түзген мына аспан!.. Ақберен Елгезек
Massaget.kz
Massaget.kz