Көктем аруы: бүлдіршіндердің алғашқы биігі
Өткен сейсенбіде Шиелі аудандық І аймақтық балабақшалар арасында «Көктем аруы-2019» сайысы өткізілді. Сұлулық сайысының мақсаты қыз балаларға адамгершілік, адалдық, әсемдік пен әдемілікті насихаттау және өскелең ұрпақтың бойындағы өнері мен ұшқыр ойын бағалау.
Іс-шараға аймақтағы 8 балабақшаның бүлдіршіндері қатысты. Олар өз өнерлерін ортаға салумен қатар, сәнді киім үлгілерін көрсетті және «Мен өскенде...» тақырыбында өз армандарын орамды ой, көркем тілмен жеткізді.
Жарысқа қатысушыларға жұмыспен қамту бөлімінің қызметкері Айжан Оспан, «Бақберсін» балабақшасының меңгерушісі Ләззат Қалекеева және «Думан» балабақшасының хореогрофы Гүлназ Матханова қазылық етті.
Әділ қазылардың төрелік етуі бойынша бас жүлде «Ай-Ару» балабақшасының тәрбиеленушісі Айару Базарбайға бұйырды. Ал, «Үш батыр» балабақшасының қатысушысы Аяжан Қонысбай І орынды иеленді. ІІ орынға «Сәлем» балабақшасының аруы Айару Алтайқызы лайық деп танылса, «Нұртілек» балабақшасынан қатысқан Айзере Аманжолова ІІІ орынды қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары табысталды, ал өзге қатысушылар әр түрлі номинация иеленді.
М.БОЛАТҚЫЗЫ.