Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала жұмыстары жүйелі жүргізілуде

Дала жұмыстары жүйелі жүргізілуде



ЕЛБАСЫ Н.НАЗАРБАЕВ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА «АГРАРЛЫҚ СЕКТОР ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІНЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК» ДЕГЕН БОЛАТЫН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ АГРАРЛЫҚ КЕШЕНІНІҢ БОЛАШАҒЫНЫҢ ЗОР ЕКЕНДІГІНЕ ТОҚТАЛА КЕЛЕ КӨПТЕГЕН ПОЗИЦИЯЛАР БОЙЫНША БІЗ ӘЛЕМДЕ ІРІ АГРАРЛЫҚ ЭКсПОРТТЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ БІРІ БОЛА АЛАТЫНДЫҒЫМЫЗДЫ АЛҒА ТАРТТЫ. САЛМАҚТЫ САЛАНЫҢ АУДАНДАҒЫ АХУАЛЫМЕН, КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСПАҚ НИЕТПЕН АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРМАҒАНБЕТ ЖАҒЫППАРОВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ. СОЛ СҰҚБАТТЫ НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК.
– Тұрмағанбет Әлиасқарұлы,
аудан бойынша межеленген егіс көлемі және егілетін дақылдарға қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Биыл бекітілген сызбаға сәйкес аудан бойынша 27 708 гектарға егіс егу межеленіп отыр. Оның ішінде, дәнді дақылдар 12 276, майлы дақылдар 1 200, мал азықтық дақылдар 9 904, картоп 1 050, көкөніс 1 285, бақша 1 993 гектарға жоспарлануда. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 11 000 гектарды құрап отыр. Және осы тұста айта кететіні, биылғы жылдан бастап гектарға төленетін субсидия­ларды ауыл шаруашылығы министрлігі қысқарту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Дегенмен, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы араласуының арқасында, күрішке төленетін гектарлық субсидия 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін қалдырылып отыр. Ал, 2019 жылдан бас­тап гектарға төленетін субсидиялар мүлдем тоқтатылатын болады.
– Сөзімізді дала жұмыстарын қаржыландыру көздерімен сабақтай кетейік. Қанша қаржы қарастырылды және ол қаражат қайдан тартылмақ?
– Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті қаржы көлемі 1 млрд. 811 млн. 375 мың теңгені құрайды. Осы қаржының 341 млн. теңге­сі шаруашылықтардың өз қаржы қазанында, 550 млн. теңге инвесторлар арқылы, 685 млн. теңге «Байқоңыр» ӘКК арқылы және 235 млн. 375 мың теңге «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы қаржыландырылады деп күтілуде.
– Ауыл шаруашылығы құрылым­дары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 936 га. күздік бидай егіп, 7000 га. жерге сүдігер айдағанынан хабардармыз. Көктемгі дала жұмыстарының барысына тоқталсаңыз?
– 2018 жылдың егісіне аудан бойынша 3080 тонна күріш тұқымы, 56 тонна жаздық бидай, 46 тонна жоңышқа және 30 тонна мақсары тұқымы дайындалып, күріш тұқымынан басқалары толықтай себу дәрежесіне жеткізілді. Күріш тұқымының 80 пайызы тазаланып, себу кондициясына жеткізу жұмыстары атқарылуда. Үстіміздегі жылы ерте көктемде егілетін дақылдар наурыз айының 20-сынан бастап себілуде. Бүгінде, 3035 га. жоңышқаның 69,8 пайызы(2120 га.), 280 гектар жаздық бидайдың 100 пайызы, 1200 гектар мақсарының 48,4 пайызы(581 га.) егіліп, сәуір айының 30-нан күріш егу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр­мыз. Ал, егіске қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 7972 тонна, гербицидтер 10518 литрді құрайды. Бүгінгі күнге шаруашылықтар тарапынан минералдық тыңайтқыштардың
4082 тоннасы, яғни 51,2 пайызы сатып алынды. Ауданға көктемгі егін және дала жұмыстарына Үкімет тарапынан биылғы жылы кепілді бағамен 2180 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 765 тоннасы наурыз, келесі 765 тоннасы сәуір айында жеткізілсе, 650 тоннасы мамыр айында жеткізілетін болады. Наурыз айына дизель отынының литрі 142 теңгеден бекітілді. Дизель отынының ауыл шаруашылық құрылымдарына жеткізуші оператор «РК Мұнай» ЖШС болып табылады.
– Көктемгі егін және дала жұмыстарының жүйелі жүруі үшін дақылдар мен минералды тыңайтқыштар толық дайын екенін сөзіңізден бағамдадық. Ал, техниканың дайындығы қаншалықты дәрежеде?
– Ауылшаруашылығы тауарын өндіруші­­лердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 330 трактордың 98,5 пайызы, 74 соқаның 98,6 пайызы, 43 тұқым сепкіштің 100 пайызы, 51 автомашинаның 98 пайызы, 161 трактор тіркемесінің 99,4 пайызы сақадай сай тұр. Шаруашылықтар техника паркін жаңалауда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы егін жинау науқанына 3 астық жинағыш комбайындарын алуға несие серіктестіктерімен келісімге келуде. Нақтырақ айтар болсақ, «Ақмая» шаруа қожалығы 1 «Джон Дир», 1 «Мак Дон» және «Алтынбаев Күзенбай» шаруа қожалығы 1 «Торум» техникаларына тапсырыс беруде.
– Диқанның дегбірін алатын негізгі мәселе – егістігіне су алу жайы. Бұл төңіректе жұмыстар жасалды ма?
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға аудан бойынша 590 млн. текше метр су лимиті бекітіліп отыр. Көктемгі су алу жұмыстарына сәйкес ауданның су шаруашылығы нысандарын дайындау жоспары жасалынған. Атап айтқанда, су жүйелерін тазарту жұмыстары шаруашылықаралық каналдарда, ішкі шаруашылық каналдарда, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шаруашылықаралық каналдарда, насос қондырғыларын жөндеу сынды жұмыстар толық орындалды. Яғни, дала жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Елбасының «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауында «Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 млн. гектарға жеткізу қажет» деп, нақты тапсырма жүктеген болатын. Осы орайда, ауданда жаңа жерлер игеріліп, былтырғымен салыстырғанда күріш егістігінің көлемін арттырмақпыз. Тағы да бір айта кететіні, биыл жылыжайлар көлемін 2,5 гектардан 4 гектарға көбейту жоспары бар. Бұл көрсеткіш бұдан да өсуі мүмкін.
– Жоғарыда атап өткен Елбасы «Жаңғырту 3.0» Жолдау­ында «Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырамын» деген міндет жүктеген болатын. Ақ күріштен ақ сарай тұрғызған Жақаевтың ізбасарлары ауданды алғы шепте ұстап келе жатқандығы белгілі. Шиелінің бақша өнімдері алыс-жақын шетелдерде де сұранысқа ие. Бұл да болса Жолдау жүктеген міндеттерді еңсеру болмақ. Көктемгі дала жұмыстарына кірісіп, ауқымды шаруаға білек түрген диқандарға сәттілік тілей отыра, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғысымызды білдіреміз. Жұмысыңыз жемісті болсын.

Сұқбаттасқан:
Бақытжан МӘДЕНОВ.
Суретті түсірген Е.ДАТКЕНОВ.

16 сәуір 2018 ж. 1 532 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930