Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруа ісін шыңнан көреміз десек...

Шаруа ісін шыңнан көреміз десек...

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын кеңінен дамытуға баса көңіл бөлініп, әсіресе бұл бағыттағы өңдеуші кәсіпорындар үлесін арттыру ерекше назарға алынды, оған мемлекеттік қолдау көрсету жайы жаңа деңгейге шықты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыру күн тәртібіне берік қойылды. Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда ауылшаруашылық кооперациясын құру белсенді жүзеге асырылуда.
Елбасы өз сөзінде: «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек» дей отырып, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшуіміз қажеттігін атап өткен еді. Қазір өңірде шаруалар ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс пен балық, бал өнімдерін молайтуды қолға алынуда.
Кооперативтерге бірігудің көптеген артықшылықтары бар екендігін ауылшаруашылығы саласы мамандары нақтылауда. Біріншіден, кооперативтер өндірілген өнімді тиімді сата алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға жол ашылады, қажетті құрал-жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, кооперативтер материалдық-техникалық құралдармен, яғни жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, мал азығы­мен, тағы басқаларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, салық төлеуде де 70% арнаулы жеңілдік бар екен­дігін айта кету керек. Төртіншіден, прогрессивті агротехниканы пайдаланып, өнімді тұрғылықты жерде делдалсыз өткізу мүмкіндігі туады. Ең бас­тысы, кооперативтің әрбір мүшесі де, сондай-ақ, тұтастай кооператив те жеңілдік пайызымен несие ала алады. Дегенмен, кооперативтің алғы бағытын нақты айқындау маңызды. Мәселен, оның мүшелерінің саны жиырма адамнан кем болмағаны тиімді екен. Сонымен бірге, ол не өндіреді, қамту аймақтары, өнімді өткізу мүмкіндіктері барлығы ескерілуі тиіс.
Ауданымызда да бұл бағытта бір- шама істер қанат жаюда. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда 197 майда қожа­лықтар мен 252 дара кәсіпкердің бірігуімен 28 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 4-і егін шаруашылығы, 3-і мал шаруашылығы, 20-сы аралас және 1-і сүт өңдеу ба­ғытында жұмыс жасайды.
Солардың ішінде «Шиелі төрт түлігі» кооперативі ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қорынан өз кәсібін дамытуға 61 млн. теңге несие алса, «Ырыс» бағдарламасы аясында 50 ауыл концепциясы бойынша аудандағы 4 ауылшаруашылығы кооперативі 398,6 млн. теңге несие қаржы алған. Атап айтқанда, «Шиелі ырысы» шаруа қожалығы 253 млн. теңге, «Шиелі Береке Агро» 63,8 млн. теңге, «Бәйтерек Агро» қожалығы 20,8 млн. теңге, «Шиелі төрт түлігі» 61 млн. теңге, «Жөлек Ырыс» 15 млн. теңге көлеміндегі қаржыға 650 бас түйе, 286 бас мүйізді ірі қара, 119 бас жылқы сатып алған. Балық шаруашылығы да назардан тыс қалмады. Сөзімізді нақтылар болсақ, 36 көлдің 24-і бүгінгі күнге дейін он жылға жалға берілсе, алдағы уақытта, 12 көл конкурс арқылы кәсіпкерлерге табысталатын көрінеді. Осының нәтижесінде, балық шаруашылығын қолға алған дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар біріктіріліп, балықшылырдың кооперативі құрылды. Алдағы уақыттарда балық өндіру көлемін ұлғайту қолға алынуда. Сонымен бірге, дәстүрлі емес бал шаруашылығы бойынша да «Сыр балы» кооперативі құрылып, субсидия алу бағыты бойынша жұмыстар жүруде екен.
Енді тек егін, бау-бақша, жеміс-жидек бағыттары бойынша жоғарыда аталған жұмыстар қолға алынса, аудан экономикасы да қарыштап қадам басып, ауыл-аймақтардағы тұрғындар да жұмыспен қамтылар еді. Ауылдардағы шаруалар да өндірген өнімдерін қайда өткіземін деп жасап отырған кәсібінің болашағына дүдамал сенімде болмас еді.
Ал, құрылған кооперативтердің өндірген өнімдерін өткізуге жәр-демдесу үшін сервистік-дайындау орталықтарының ұйымдастыру мә­селесін шешу қажет. Олар өз кезегінде өнімді жинап алып, әрі қарай қайта өңдеушілерге немесе сауда желілеріне жеткізетін болады. Бүгінде мұндай ұйымдар еліміздің бірқатар өңірлеріндегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жанында жұмыс істейтін көрінеді. Біздің де ауданымызда осы істер көрініс тауып жатса, қандай ғанибет болар еді.

Дина ЖҮСІПОВА.
23 қаңтар 2018 ж. 1 957 0