Аграрлық сала адымы
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауында негізгі он басымдықты айқындап бергені баршамызға белгілі. Сол басымдықтырдың алғашқыларының бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Өнеркәсіптік революцияға бет бұрып, барлық салаға «ақылды технологияларды» енгізуді талап етіп отырған тарихи құжатта: «Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс», – делінген. Ауыл шаруашылығы саласына адам күшін көп қажет етпейтін жаңа технологиялар еніп келеді. Осы жұмыстарды жандандыра түсу – техникалар адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні шаруалардың басын біріктіріп, сала мамандарын бір арнаға тоғыстырған кооператив жұмысы да жүйелі жүруде. Бұл да ел экономикасының драйвері атанған ауыл шаруашылығын ілгерілету жолындағы нақты қадамдар деп түсінген жөн. Өнім сапасы, эко-тазалығы тағысын-тағылар «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыруға жол ашады. Жомарт жерден несібесін көріп, өзін және өзгені сапалы азықпен қамтимын деген кез-келген еңбек адамына қолдау кемшін емес.
Жолдауда айтылған Елбасы тапсырмасын орындауға түбегейлі кірісу табысымызды арттыра түспек. Бүгінгі таңда өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты өсіп келеді. Мұны әлдеқайда көтере түсу алға қойылған мақсаттардың маңыздысы. Бейнетпен өсіп, еңбектің нанын жеген, «Еңбек ерлерін» шығаратын ортаға айналған шиелілік диқандар да Жолдаудан жаңа серпін алып, жұмысын жалғай түспек. Маңызды құжаттағы міндеттер мерейімізді үстем ете түсетін нақты тапсырмалар.
Жамалхан ӘБЖАПБАРОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері.