Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛМАҚТЫ САЛА

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛМАҚТЫ САЛА

Ауыл шаруашылығы қашан да ел экономикасының драйвері. Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешен экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарламада әр жылға нақты индикаторлар белгіленген. Шиелі өңірінде де агроөнеркәсіп өнімдерінің өсімі зор. Ақ күріштен ақ сарай тұрғызып, Жақаевтың жолымен жаңылмай жүргендер бүгінде ауданды алғы шепте ұстап келеді.
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында Шиелі ауданы бойынша 2018 жылдың көктемгі дала және егін егу жұмыстарының барысы сөз болды. Ауданның бас аграномы М.Әшірбековтың баяндамасында биылғы егін егу барысы толық талқыланды. Биылғы жылы орта мерзімдік даму жоспары бойынша ауданда 27708 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Оның ішінде, дәнді дақылдар үлесі – 14448 гектар, яғни, күздік бидай 936 га., жаздық бидай 280 га., тары 60 га. құрайды. Негізгі дақыл – сыр салысы 13212 гектарға орналастырылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (2017 жылы егілген күріш көлемі 13380 гектарды құраған) 168 гектарға төмен. Ал, мал азығындық дақылдар оның ішінде, жаңа жоңышқа 3035 га., ескі жоңышқа 4731 га., мақсары 1126 га. Сондай-ақ, картоп 1050 га., көкөніс 1285 га. және 1993 гектарға бақша дақылдары егілетіндігі белгілі болды баяндамашы сөзінен.
Дайындыққа аудан егіншілері күз айынан кірісіп, 936 гектар жерге күздік бидай егіліп, 7000 гектар жерге сүдігер айдалды. 2018 жылдың егісіне 200 тонна күздік бидай тұқымы дайындалып, егілсе, көктемгі дала жұмыстарына 63 тонна жаздық бидай, 35 тонна мақсары, 53 тонна жоңышқа және негізгі дақыл – күріштің 3080 тонна тұқымдары құйылды. Бүгінге жаздық бидай тұқымының 19 тоннасы (30,2 %) мақсары тұқымының 24 тоннасы (68,6 %), жоңғышқа тұқымының 26,2 тоннасы (49,4 %) және күріш тұқымының 592 тоннасы, яғни 19,2 % себу дәрежесіне жеткізілді. 3080 тонна 1-2 және 3 репродукциялы күріш тұқымының сорттарына тоқталсақ, басым үлес «Лидер» сортында. Сонымен қатар, тұқым жаңалау мақсатында «Төңкеріс К» тұқым шаруа қожалығы Шымкент қаласынан жаңа мақсары тұқымын әкелді. Ресейден 230 тонна күріш тұқымы сортын «Байқоңыр» ӘКК АҚ арқылы алуды жос­парлап отыр. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының баяндамасында сонымен бірге тыңайтқыштар мен гербицидтер, техника және жанар-жағармай дайындығы, су жолдары мен көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көздері, кооперативтер есебі айтылды.
Сөзімізді одан әрі сабақтасақ, биыл аймақта экспортқа шығатын мақсары майының көлемін арттыру көзделіп отырғандығы белгілі. Ауданның бас агрономының баяндамасынан білгеніміз мақсары егістігі былтырғымен салыстырғанда (2017 жылы егілген мақсары көлемі 1200 гектар) 74 гектарға төмен болмақ. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіптегі өндіріс көлемінің артуына сеп болатыны белгілі. Аудан диқандарының мақсары шаруашылығын дөңгелете кетуіне тәжірибесі де, әлеуеті де жетеді деген сенімдеміз. Ал, ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті қаржыға бір ауыз тоқтала кететін болсақ, ол 1 млрд. 811 млн. 375 мың теңгені құрап отыр. Ол қаржының 341 млн. теңгесі шаруашылықтардың өз қаржы қазанында болса, қалғаны инвесторлар, «Байқоңыр» ӘКК және «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы қаржыландырылады деп күтілуде. Алдағы күнге атқарылар ауқымды іске білек сыбана кіріскен диқандар ісіне сәттілік.

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
27 наурыз 2018 ж. 4 360 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031