Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтты

Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтты


2017 жылы Қазақстан Қытайға жөнелтілген Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 34,3% ұлғайтты. Бұл жөнінде ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Көрші елдің нарығы балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, омарташылық өнімдері, сондай-ақ, бидай, кебек, соя және бұршақтар экспорты үшін ашық. Бірінші рет 7 мың тоннадан астам соя бұршақтары экспортталды және соя майының экспорты 7 есе ұлғайды. Орташа есеппен, мұздатылған балық, өсімдік майы мен майлы дақылдар экспорты 2,7 есе өсті», - деп атап өтті Евниев.
Сондай-ақ, вице-министр ел ішіндегі жағдай туралы да есеп берді. Оның айтуынша, 2017 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 4 трлн теңгені құрады. Негізінен, азық-түлік өнімдері өндірісінің 4% өсімі байқалады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар өсімі 29% құрады, ал азық-түлік өнімдері өндірісінде бұл 32%-ға жуықтады.
«Мал шаруашылығында өнім шығару 3,9% (1,8 трлн теңге) артты, соның ішінде, ет – 5,9%, сүт - 3%, жұмыртқа – 7,3%. Сонымен қатар, асыл тұқымды ірі қара мал үлесі 11% өсті. Ал бұл көрсеткіш 2010 жылы 7,7% құраған болатын», - деді АШМ өкілі.
Сондай-ақ, Евниев ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрумен байланысты проблемалар жайында да айтып берді. Құрылған 850 кооперативтің небәрі 490-ы ғана жабдықпен қамтамасыз етіліп, 2018 жылы өнім шығаруға дайын.


22 наурыз 2018 ж. 1 625 0