Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТРАКТОРЛАР МЕН КОМБАЙНДАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ 10 ЖЫЛДАН АСТЫ

ТРАКТОРЛАР МЕН КОМБАЙНДАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ 10 ЖЫЛДАН АСТЫ


Қазақстандағы жұмыс істейтін  тракторлар мен комбайндардың көпшілік бөлігі 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелдің барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі  Ғылыми-технологиялық және техникалық саясат департаментінің директоры Азат Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының ұзақ уақыт пайдаланылуы өнім шығымының жоғалуына және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан шығатын көлденең шығындарға әкеліп соғады.
–Бүгінгі таңда АӨК машина және трактор паркіндегі тракторлардың саны 148 мың болса, соның 86 паызы 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Ал енді еліміздегі пайдаланылып жүрген комбайндардың саны 40 мың, оның ішінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқаны – 72 паызды құрайды. Сөйтіп, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ЖЖМ мен қосалқы бөлшектерге жұмсайтын шығыстары көбейеді, сондай-ақ өнім ысырабы да ұлғаяды Соған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің машина және трактор паркін қарқынды жаңарту шараларын белсене қолдануда, – деді Азат Сұлтанов.
Дөңгелек үстел барысында Азат Сұлтанов еліміздің АӨК ойдағыдай техникалық қайта жарақтандыруды ұйымдастыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданып жатқан шаралары жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде министрлік мөлшерлемені 7-10 пайызға төмендету арқылы кредиттер мен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасын қайта бастау жұмысын жүргізу үстінде.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелдің барысында «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ енгізіп жатқан жаңа енгізілімдер жөнінде Басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева әңгімелеп берді. Оның айтуынша, енді қазақстандық ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері онлайн режимінде credit.kazagro.kz порталында Ұлттық холдинг пен оның төрт еншілес компаниясы көрсететін қызметтерге өтінім бере алатын болады.
–Біз бұл жүйені клиенттеріміз офисте немесе үйінде отырып, еркін онлайн өтінім бере алатындай барынша қарапайым етіп жасауға тырыстық. Ұлттық холдингтің төрт еншілес компаниясына кредит, лизинг және кепілдік алуға өтінім тапсыруға мүмкіндік беретін жүйені әзірледік. Бұл ҚазАгроҚаржыдан ауыл шаруашылығы техникасының және арнаулы техниканың лизингі, ҚазАгроКепілден кепілдік, Аграрлық кредиттік корпорациядан және Қаржылай қолдау қорынан кредиттер, – деп мәлімдеді Айгүл Мұхамадиева.
Естеріңізге сала кетейік, көктемнің алғашқы күні елордамызда «ҚазАгроҚаржы» АҚ ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге 120 аса қазақстандық фермерлер, техника өндірушілері мен жеткізушілері де қатысты. Дөңгелек үстелдің барысында АӨК техникалық қайта жарақтандыру және жалпы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөнінде мәселелер талқыға салынды.
Еркін ҚАЛДАН
02 наурыз 2018 ж. 1 244 0