Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш пісті, орақ түсті

Күріш пісті, орақ түсті

Биыл да жылдағы дәстүр бойынша егіс басында «Дала күні» шарасы өтті. өнімнің түсімділігі мен егіс сапасын арттыруды көздеген шиеліліктер биыл 29 595 гектар алқапқа ауыл шаруашылық дақылдарын орналастырған. Қазіргі таңда бидай мен мақсары және жоңышқаны жинау жұмыстары аяқталуға аз қалды. Ендігі меже – күріштің әр гектарынан орташа есеппен 40-45 центнерден өнім алу. Дәл қазір 116 комбайн, 63 жатка, 51 жүк көлігі, 322 трактор күзгі егін жинау науқанына дайын. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданда 3,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген.
«Алтын орақ – 2019» шарасы биыл Бестам ауылындағы «Бестам елі» шаруа қожалығында ұйымдастырылды. Шаруашылық 300 гектар алқапқа Сыр салысын еккен. Шарада алғаш сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы:
– Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егін көлемі де, өндірілген өнім көлемі де артып отыр. Біздің алдағы бас­ты міндет – егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, өз нәсібін жерден алған диқан қауымы бұл жылдың айтарлықтай табысты болатынына сенімді. Биылғы жылы диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында күріштің әр гектарынан 40-45 центнерден өнім алынады деп отырмыз. Сондай-ақ картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары да қарқынды жүруде. Бүгінде 1093 гектар картоптың 250 гектары, 1504 гектар көкөністің 760 гектары және 1993 гектар бақша дақылдарының 780 гектары жиналды, – деп, диқандарды «Алтын орақ – 2019» мерекесімен құттықтады.
Шаруашылық биылғы науқанға арнайы соңғы үлгідегі күріш оратын және дән бастыратын 2 комбайн сатып алған. Бұған дейін де егін даласына 20-ға жуық техника жұмылдырылған шаруашылық диқандарының жұмысы одан әрі жеңілдей түспек. Шаруа қожалығында 55 ауыл тұрғыны өнімді еңбек етіп келеді. Бүгінде 50 га жаздық бидайдың әр гектарынан 40 центнерден өнім алған қожалық бұл дақыл бойынша ауданда көш бастап тұр.
– Күріштің өнімділігі көңіл қуантады. Орым науқанына барлық техника мен құрал-жабдықтар сақадай сай. Сәтін салса мемлекет көрсеткен зор қолдаудың арқасында мол өнім алуға дайынбыз, – дейді шаруашылық директоры Балтабай Қошқаров.
Соңғы жылдары өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін майда және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру жұмыстары жүйелі іске асуда. Нәтижесінде биылғы жылы Ресей Федерациясының бірқатар қалаларына Шиеліден 15 тонна балық, 275 тонна қауын, 355 тонна қарбыз, 205 тонна қызанақ экспортталды. Одан бөлек осы жылдың шілде айынан бастап еліміздің бірқатар қалаларына 3300 тонна қауын, 3200 тонна қарбыз, 580 тонна қызанақ және 660 тонна қияр жөнелтілген.
Жиын барысында Сенат депутаты Бекмырза Еламанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев, сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Пердәлі Архабаев сөз сөйлеп, республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейі, аудан жетістіктері мен алға қойған меже туралы тарқатып, диқан қауымға «Қамбаларыңыз астыққа, дастархандарыңыз нанға толсын» деген тілектерін жеткізді.
Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған ақ күріш диқандардың ала жаздайғы еңбегінің көрінісі. Жиында мехнатты тірліктің тереңіне бойлаған ауыл ақсақалы дақылды төкпей-шашпай жинап алу үшін диқандарға ақ батасын берді. Содан соң лента қиылып, думанға жиналған қауым жүйіткіген комбайнның күрішті ору сәтіне куә болды.
Сәтін салса шиелілік диқандардың ала жаздайғы атыз аралап, егіс жағалаған еңбектері еселеніп қайтатын күн жақын. Ендеше, біз де егін мол болсын, қамба Сыр маржанына толсын деп тілек қостық!

Гүлхан ЯХИЯ

24 тамыз 2019 ж. 1 759 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031