Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ

Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ

Қазақта «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген тәмсіл бар. Шаруа жайын ерте көктемнен таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанға дейін егіс даласында дамылсыз еңбек етіп, нәпақамды адалынан табамын деген шаруалар біледі. Өйткені, егістіктің сыры иесіне мәлім. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Осы тұрғыда еңбеккерлердің рөлі басым. Ендеше, бүгін біз осы егін алқабындағы өнген өнімді жинап алудың қамымен жүрген шаруалар тіршілігін бағамдау үшін, егін алқабына табан тіредік.
Сәрсенбек Қозыбай – көктем басталысымен егіс даласындағы шаруадан шаршамай келе жатқан Бестам ауылының тұрғыны. Жердің бабы мен ауа райының қолайлылығын үйлестіре білген диқан ес білгелі жерге қызанақ, картоп, қияр, қауын-қарбыз, сәбіз, асқабақ сынды көкеністердің тұқымын сеуіп, ризығын алып жүр. Соның ішінде қызанақ өнімін қолға алғанына 4 жылдың жүзі болыпты.
– Мен биыл қызанақты жылдағыдан көбірек ектім. Жаз бойына жақсы күтім жасалғанда ғана диқандардың еңбегін Жер-Ана жемейді ғой. Сондықтан көкөніс егуге, баптап, өсіруге келгенде, егжей-тегжейлі, мұқият, ыждағаттылықпен қараймын. Өйткені, әр көкөністің өзіндік сыры бар. Бұны еңбектің мәні мен маңызын білген адам ғана түсінеді. Бар өмірін еңбекке арнап, ел ықыласына бөленген ер өз еңбегінің арқасында кез келген қиындықты еңсереді, – дейді диқан.
Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен шаруаның айтуынша, алдағы қыркүйек, қазан айларында картоп өнімін жинайды екен. Жерді жүйелі игерудің арқасында «екі қолға бір күрек» деп шаруа бүгінде ешкімге алақан жаймай, өз ісін дөңгелетіп отыр.
– Тамырымен бірге көшет жақсылап өседі. Содан соң ашық алқапқа барып ексеңіз, пісіп-жетілуі жылдамырақ болады. Есік алдындағы кішігірім жылыжайға көшет егіп, ол дайын болғанда егін алқабына барып отырғызамыз. Өздеріңіз көріп, білгендеріңіздей, қазір қызанақ өнімдерін жинап жатырмыз. Оны аудан орталығы мен Қызылорда қаласының нарығына шығарамыз, – дейді С.Смағұлұлы.
Шаруа әңгіме барысында еңбектің көзін табу арқылы табысқа, байлыққа бір табан жақындағанын, отбасылық жағдайын түзеп алғандығын жасырмады. «Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ» деген рас-ау, шамасы?! Адал тапқан дүние берекелі болатынына кейіпкеріміз арқылы тағы бір көзіміз жетті.

Ф.Нышанбекқызы
16 тамыз 2019 ж. 2 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930