Бидай бітік, егін мол, ырыс артық болады
Қазіргі таңда еңбектің мәні мен маңызы арта түскені ақиқат. Онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екендігі белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі арта түсуде. ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті жолға қоюға тиіспіз» деген болатын. Демек қарапайым еңбек адамдары кез келген қиыншылықтан өз еңбегінің арқасында ғана еңсере алатыны сөзсіз.
Егін алқабы десе қай-қайсымыздың болсын көз алдымызға ауылдан әріректегі иір-иір жолдары бар дала, қамыс басқан каналдар, дәптердің торкөзіндей егіс алқаптары дарылдап жүрген трактор, комбайндар көз алдымызға келеді. Осы көріністің ішіндегі ең ілкімдісі адал еңбегімен иіре білген, жүздерін күн қаққан, шаруадан шаршамай, есесіне шыңдалған жандар елестейді.
Иә, осы керемет көріністі көзбен көру үшін түнеукүні Ақмая ауылындағы «Ақмая» шаруа қожалығына ат басын бұрдық. Жол басшымыз аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков. Алқап арасындағы шаң басқан жолды басып өтіп, шаруашылықтың №1 бригадасына келіп жеттік. Анадайдан дала төсін молшылық майданына айналдырған комбайндар алтын түске боялған астықты қомағайлана асауда. Бізді «Ақмая» шаруа қожалығының №1 бригадасында күріш бригадирі Гүлсім Дәрібаева қарсы алды. Фотоаппаратты иығымызға асып алып, редакция тілшілері болып, диқандардың тынымсыз тірлігін қызықтай қарап, сұхбат жүргізіп, егін алқабының жағдайын әңгімеге арқау еттік.
Бар өмірін еңбекке арнап, өмірге еңбектеп келіп, еңбекпен көзін ашып, ел ықыласына бөленген жандарға кешегі өткен Кеңес одағы кезінде «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, кеудесіне алтын жұлдыз тағып құрмет тұтатын. Сондай құрмет төріне көтерілген егіс даласының арулары Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Зәкира Ержанова, Жадыра Таспанбетовалар еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін еселеп қосты. Бірі күріш өсірудің нағыз шебері болса, бірі егін алқабында трактор айдап, комбайн айдауды меңгерген еді. Бірді айтып, бірге көшетін әдетіміз ғой, дала аруларының ізін жалғастырушы, еңбек десе ерінбейтін, жасынан-ақ алғы қатардан табылуға тырысатын сол алдыңғы толқын апаларымыздың көзін көріп, бірге біте қайнаса еңбек етіп, елге танылған жанның бірі – осы Гүлсім Дәрібаева. Әлі күнге дейін аттан түспей, техниканың құлағында ойнап, дала төсінде жүзін күнге күйдіріп, желге сүйдіріп, еңбек етіп келеді. Бізді қуана қарсы алған диқан қыз, қойған сұрағымызды ықыласпен тыңдап, жұмыстың жай-жапсарын баяндай түсті.
– 2006 жылдан бастап «Ақмая» шаруа қожалығының №1 бригадасында күріш бригадирі қызметін абыроймен атқарып келесіз? Қандай жаңалығыңыз бар?
– Өздеріңіз көріп-біліп отырғандарыңыздай, қазір науқанның уақыты. Мұндай кезде біз үшін ең қымбат нәрсе ол – уақыт. Таң қылаң беріп, далада көз байланғанша егінжайдамыз. Әйтеуір жауын-шашынға ұрынбай, мына жайқалып тұрған ен байлықты игеріп алу – қожалықтың бүгінгі мақсаты.
Бірінші бригада жеріне 73 гектар күздік бидай егілген. Оның 48 гектары «стекловидный», ал 25 гектары «кондитерский» сорты. Биыл біз «кондитерский» сортын бірінші рет егудеміз. Өнімі жаман емес, орташа есеппен 27-30 центнер өнім алудамыз. Ол аппақ, жұмсақ әрі барлық тамақ өнімдеріне қолдана береді. Бұл сорт күздік бидайға жатады. Ал «стекловидныйдан» орташа есеппен 25-27 центнерден өнімді жинап алдық. Бригадта 25 адамды жұмыспен қамтып отырмын. 5 звеноводым бар. Олар белгіленген алқаптағы күрішке қарайды. Құдай қаласа, биыл «Лидер» күрішінен орта есеппен 50-70 центнер арасында өнім алуды жоспарлап отырмыз.
– Сыр салысы қанша гектарды құрап отыр?
– «Ақмая» шаруа қожалығының №1 бригадасында күріш бригадирі қызметін 13 жылдан бері қалтқысыз атқарып келемін. Биыл күрішті 444 гектар жерге ектім. Көктем шыға егіс даласында жүріп, егін егіп, күтіп-баптаған бейнетінің зейнетін шашпай-төкпей, жинап алатын қарбаласқа толы сәтте келіп, осы көріністің куәсін тамашалаудасыздар. Қазіргі таңда шаруашылықта үш заманауи комбайн жұмыс істейді. Екі комбайн осы бидайды орып жатыр. Бастырушылар Бағдат Шегебаев, Алтынбек Бекжігітов, Бауыржан Сандыбаев. Биыл бау-бақша егетін тұрғындар 90 гектар жер алып, қарбыз, қауын, дақылдардың барлық түрін егіп, күнкөріс қамдарын жасауда. Келесі айдың басында қарбыз пісіп сатылымға шығып қалады. Сонымен қатар 105 гектар жерге жоңышқа да егілген. Оны әлі орған жоқпыз, оған кезек енді келеді.
– Тағы басқа қандай жаңалықтарыңыз бар? Цифрлы технология қаншалықты қолдануда?
– Цифрлы технология деген өте қолайлы нәрсе болып тұр. Еккен егіннің өнімділігін мына комбайндар есептеп шығарып береді. Қай алқапта қанша өнім шығып жатқаны бәрі есептеп көрсетілген. Компьютер секілді. Тыңайтқыштар себетін кезде де әр жердің құнарлығына қарай керекті тыңайтқышын есептеп беріп тұрады. Ол өте керемет нәрсе, жұмысты жеңілдетіп, оң ықпалын тигізуде. Келешекте шаруашылықта толықтай іске асса, барлық шаруа иесіне пайдасы көп болады. Біздің бригадқа келген жоқ. Көрші бригадтар соны пайдаланып, игілігін көруде. Жалпы Дәулет Жұмбеков басқарып отырған Ақмая шаруа қожалығында 3 бригад бар. Қазіргі таңда дер кезінде қажетті тыңайтқышын беріп, барлық түрімен қамтамасыз етіп отыр. Сыр салысы суды көп керек қылады, сол су аздау болып тұр. Күріштің көгін алып болдық, бізге енді су қажет. Толық сумен қамтамасыз етсек, күріш жақсы өнім береді.
Жаз бойына жақсы күтім жасалғанда ғана диқандардың еңбегін Жер ана жемейді. «Егінші мәрт, жер жомарт» мақалының көрінісі осы емес пе? Олай болса – бұл кісілердің еңбектері өлшеусіз. Сөйтіп ақмаялықтардың екпінді еңбегіне куә болған біз астықтың тасқыны артсын деген игі тілекпен ырысты алқаптан ауылды бетке алдық. Біз бұл күн Ақмаядағы іргелі шаруашылықтың бір ғана бригадасында болып, диқандардың дала қосындағы жұмысын бағамдап қайттық. Байқауымызша, биылғы егін бітік. Ел ырысы артып келеді. Оны осынау журналистік сапарымызда байқадық. Алдағы жиым-терім маусымында шаруашылықтардың әлі бірқатар бригадаларында болып, ондағы тірлікпен толық танысып, ақпараттандыратын боламыз.
Жұлдызай Ноғайбайқызы,
Сурет Бақытжан Бәйімбет