Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман механизатор

Майталман механизатор


Ауылдағы ең қарапайым да мәртебелі мамандықтың бірі — механизатор. тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Солардың бірі — жастайынан тракторды тізгіндеген, Мархабат Әзизов.

1965 жылы Төңкеріс ауылында дүниеге келген ол бүгінде ауылында ұрпақ өрбітіп, ұл-қызына өнегелі тәрбие беріп келеді. Өмірден түйгені көп ағамыз ардагерлерді ардақтап, олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі алып отыруды өзіне парыз санайды. Үлкендерге ілтипатын көрсетіп, білмегенін үйреніп өскен бала, бүгінде ел ағасына айналып отыр. Еңбекке бала күнінен араласып, 10-сыныпты бітіре сала трактор мен комбайынды тізгіндеген Мархабат бүгінде техника тілін жетік меңгерген маман.
Еңбектене ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайы­нан түсінген ол, қиыншылық көріп, ауыртпалықты сезінсе де мойымаған жан. Техника рөліне отырғаннан ауыл-ауылдарға мал азығын тасымалдаса, ал, көктем шыға салысымен қайнаған тірлікке ден қойып келеді. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, кеш бата ғана үйге оралатын кейіпкеріміз, жер жыртып, дән сеуіп, егін-терім жиылғанға дейін бір тынбайды. Көктемде трактор айдаса, күзде комбайынды тізгіндеп, күріш орады.
– «Мен алғаш рет тракторға 16 жасымда отырдым. Қарап отырсам, содан бері 36 жыл өтіпті. Несібемді осы техникадан тауып келемін. Алғаш «ДТ-75» техникасынан бастадым. Одан кейін, қазақстандық трактор, «Ланде», «Беларусь» тракторында жұмысымды жалғастырдым. «Енисей», «Северан», «Надежда» комбайындарын айдап келемін. 1988 жылы шаңырақ көтеріп, әйелім Ақманат екеуміз екі қыз, үш ұлды тәрбиеледік. Аллаға шүкір қазір үш немереміз бар, – дейді Мархабат Шерниязданұлы. Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы, темір тұлпары сынып далада қалғанда да қараусыз тастамай, жақын елді-мекендерге жеткізіп, өзі іске қосып, тапсырылған шаруаны тындырып жүретін. Осы еңбегі де барынша бағаланып,сол кезеңдегі барлық мадаққа ие болған.
Қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екені, онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екені белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көп үлес қосатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуі қажет. Жастар арасында ауылға керекті маман иелері көбірек насихаттала түссе оңды болар еді деп әңгімеге арқау етті.
Еліміз еңсесін тіктеп, әлемдік аренада өзіндік орынға ие болғалы бері аграрлық салада оң өзгерістер орын алып келеді. Мемлекеттің бұл салаға деген қамқорлығы ауылды дамытуға көп жәрдемін тигізіп, оң әсерін туғызуда. Қиын-қыстау кезеңдерде жұмысшыларға жалақы тауып бере алмай, қант, май, ұн, шөп беріп есептес­кен күнде де мойымай, адал еңбегінің арқасында бүгінде жағдайы жақсарып, еселі еңбегі бағаланып келеді. Биылғы өткен «Алтын күз» мерекесі аясында «Үздік комбайнер» аталымы бойынша марапатқа ие болды.
Иә, расында да байлық та, бақыт та адал еңбек, маңдай тердің арқасында келеді. Шалқалап жатып, шалқып өмір сүрсем деп, қиялдағаннан қарын тоймайды. Осы әңгімемізді майталман механизатор Мархабат Әзизов нақтылай түскендей.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
27 қазан 2018 ж. 1 460 0