Нәсібі – әкеден қалған кәсібі
Осыдан бірер жыл бұрын жарияланған Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жаһандық бәсекелестік жағдайында еңбектің алдыңғы кезекке шығару жөнінде атап көрсетіп, Президент еңбек мектебінен алған тәлімнің адамға өмірлік азық болатындығына айрықша тоқталған болатын. Сондай-ақ, қарапайым еңбек адамының беделін көтеру мәселесіне баса мән берген еді.Ауданның айнасы саналатын «Өскен өңір» газеті де сексен жылға жуық тарихында нақ осы тақырыпта қаншама журналистің қаламының құдіретімен құнды дүниелерді оқырман назарына ұсына білді. Дәстүр жалғастығы әлі де үзілмеді. Аға буынның ізімен біздер де ілкімді істерді іліп, түрлі тақырыптардың төңірегінде ой тоғыстырып, мәселелі жайттардың мәйегін ажыратуға хал-қадірімізше тырысудамыз. Ал, бүгіндері қалам ұшында берекелі де беймаза маусымның батырлары, яғни қарапайым еңбек адамдары.
Күз, егін алқабы десе қай-қайсымыздың болсын көз алдымызға ауылдан әріректегі иір-иір жолдармен жететін қырман, ондағы жал-жал болып дәннен үйілген таулар келеді. Керуеннің түйесіндей тізіліп жүк артқан көліктер, даланы арқыраған даусына бөлеген дала кемелері, сосын осының барлығын адал еңбегімен иіре білген, жүздерін күн қаққан, шаруадан шаршамай, есесіне шыңдалған жандар елестейді. Шынтуайтына келгенде, ешқандай атақ-дәрежеге, биік мансапқа қызықпай-ақ, адал еңбек етуге, дастарқанына маңдай терімен келген дәмді қоюға ұмтылған қарапайым еңбек адамдарына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Егіс даласынан алысқа ұзамаған, төрт түліктің қамымен жаз жайлауда, қыс қыстауда бейнетті белшесінен кешкен жандар нағыз жұлдыздар дер едік. Олар еңбек сахнасының жұлдыздары.
Иә, осы керемет көріністі көзбен көру үшін Жаңатұрмыстағы «Байсын» шаруа қожалығына атбасын бұрдық. Анадайдан дала төсін молшылық майданына айналдырған комбайндар алтын түске боялған астықты қомағайлана асауда. Шаңы аспанға көтеріліп, гүрілдеген дауыстан құлақ тұнады. Осынау берекелі тірлікті тамашалай отырып, діттеген жерімізге қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Бізді шаруашылық төрағасы Аятжан Есжановтың өзі қарсы алып, алқаптағы жұмыстың жай-жапсарымен таныстырды. Біздің негізгі мақсатымызды түсінген төраға жаңа комбайндағы жас жігітті өзіне шақырды. Уақытының тығыздығына қарамастан бізге жақындаған жанның жүзінен бейнеттің белортасында жүретінін аңғардық. Өңі күнге тотыққан. Қолдарындағы сала-сала болып көрініп тұрған тамырлары жұмысының қандай екендігінен хабар бергендей.
Бұл – Бидайкөл ауылының тұрғыны 25 жасар Дәурен Шорабаев. Біраз жылдардан бері ауылшаруашылығы саласында бел жазбай еңбек етіп келеді. Өзінің іскерлігі мен кез келген тірлікті тындырымдылығының арқасында соңғы жылдары «Байсын» шаруа қожалығында ұжымның белді мүшесіне айналды. Алайда, өзінің мамандығы гео-физик екен. Мұны білгенде таңданғанымыз рас. Өйткені, бұл мамандыққа қазіргі таңда сұраныс көп. Әңгімеміздің басы да осы сауалдан басталды. Не үшін өз мамандығын қара жұмысқа айырбастағаны жөнінде. Бағанадан байқалмаған жас жігіттің жанарында жасырулы сағынышы барын әңгіменің шеті ағытылғанда сездік. Біршама үнсіздіктен соң ғана айналаға көз тоқтатып:
– Бұл кәсіпті мен әкемнің көзіндей көрем. Өйткені, әкемнің өмірінің соңына дейінгі айналысқан кәсібі осы болатын. Трактор айдады. Бес ұл-қызын техника тізгіндей жүріп өсірді. Мен де жастайымнан әкемнің қасында жүрдім. Тракторды сол кездерде меңгере бастадым. Он үш жасымда трактор айдадым. Бүгін арамызда жоқ болса да күнде таңертең жұмысқа келіп, трактор не комбайнға жайғасқанымда бір сәтке болса да балалық кезіме оралғандай боламын..., – деп қысқа қайырды комбайншы Дәурен. Біз де жүйрік ойдың жетегінде желіп кетіппіз-ау. Бетімізді күздің қоңыр салқын самалы өпкенде ғана сан-сақтағы қиялымызды жинап ала қойдық. Кәсіби қызығушылығымыз жас тракторшының жүрегіне оралған сағыныштың шетін ағытқандай. Баршаға аян ауылда дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Басқа кәсіп иелеріне қарағанда ауырлығы сол, шаң-тозаң мен майдың ортасында жүреді. Трактормен біресе, мал азығын тасымалдаса, біресе тұрғындардың отын-суы қажеттілігімен бос уақыты болмайтын. «Өзің жассың. Трактор айдап жүріп соңғы технологиямен шыққан комбайнды басқару қиындық әкелген жоқ па?» деген сауалымызға:
– Негізі, адамның не нәрсеге де талабы болуы қажет. Талап пен мақсат болмаса адамның титімдей нәрсеге қол жеткізем деуі бос әурешілік. Алдыңғы буын ағаларға ілесе жүріп, білмегенді үйреніп, мол тәжірибе жинадым, – дейді Дәурен Дәуітбайұлы. Бүгінде қожалықтағы «Лида» комбайнын еш қиындықсыз басқарып отырған кейіпкеріміз қысы-жазы тынымсыз тіршіліктің тұтқасында. Көктем шыға жер ашып, оны айдап, егіске дайындаса, одан кейін дайын жерге дән сеуіп, дәрілейді. Онан кейінгі маңызды науқан дәл қазіргі дала төсіндегі тоқтаусыз тірлік. Ала жаздайғы ырысының қамбаға ысырапсыз құйылуы.
Бағанадан қызу тірліктің беталысын бағамдап тұрған қожалық төрағасы Аятжан Есжанов та әңгімеге қосылды.
– Жасыратыны жоқ, Дәурен секілді жастардың көпшілігі трактор не комбайн айдап күн ұзаққа егіс даласында жүргенше, Астана, Алматыға барып, болмашы тиын-тебенге құрылыс саласында көптің қатарында жүргенді жөн санайды. Таң бозарып атқаннан қас қарайғанға дейін жапан далада арылдаған техникамен жүргенді қол көрмейді. Жастардың барлығы қалаға ағыла берсе, аға буынның орынын кім баспақ? Сіздер Дәурен секілді жасты насихаттау арқылы өзге де жастардың қызығушылығын арттырасыздар. Ал, Дәурен жөнінде айтар болсақ, ол – өз ісіне жауапты жан. Жұмысшы кәсібіне жүрдім-бардым қараса, еңбекте береке болмасы анық. Жауапкершілік – маман бойындағы бағалы қасиет емес пе? Жұмысты сол ғана алға бастырады. Ал, сол жұмысшыға тән қасиеттер Дәуреннің де бойынан табылады. Ол – адал, ынталы, еңбекқор жұмысшы ретінде танылған маман. Әр ісіне үлкен жауапкершлікпен қарайды, – деп толықтырды қожалық төрағасы біз көрген бейнені.
«Маңдайы терлемегеннің таңдайы жібімейді» деген жолдарды есінен шығармайтын Дәурен шаруашылықтың тынымсыз жұмыстарынан қолы қалт еткенде, ауыл тұрғындарының да жерін жыртып немесе арық-атызын тартып, қолынан келетін көмегін көрсетуден бас тартқан емес. Отбасында екі балаға ардақты әке болып отырған тракторшы жігіттің өз шаруасына асыққанын сезген біз оны бұдан ұзаққа бөгей алмадық. Қарбаласқа толы беймаза маусымның майталманы «Лидасына» мініп, ақ маржанды асай жөнелді.
Осылайша, әкеден қалған кәсібін нәсібіне айналдырған жігіттің бір күнгі тіршілігімен танысқан біздер «қайнаған тіршіліктің қабатында техникаң тозса да, жаның тозбасын» деп жылы қоштасып жүріп кеттік.
Дина ЖҮСІПОВА.