Мұрап Мұхамедияр
Елбасы «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында еңбек адамдарының қоғамдағы орындарының салмақты екендігін және ұрпақ тәрбиесіндегі үлесі зор екендігін нықтап көрсеткен еді. Міне, сол бағытты ұстанған газеттің беттерінде еңбек адамдары жайындағы мақалалар үздіксіз жарық көріп, өнегесі мен еңбек жолы насихатталуда.
Қазақ еңбекпен қабырғасы қатайып, ерте есейген жандарды «алақанында еңбектің табы бар», «маңдайын күн сүйген жан» деп жатады. Расында, керемет теңеу. Адамды шыңға жетелеп, бар мақсатына уақытында жеткізетін қасиеті – еңбекқорлық. Таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай тері жіпсігенше жұмыс жасап, нәпақа табу – әр адамның өмірлік міндеті. Адал еңбек – абырой бастауы десек, өз ісінің кәнігі шебері ғана кейінгілерге үлгі боларлық өмір мектебін қалыптастыра алмақ. Бір өзі бір мектеп боларлық білігі мен білімі арқылы өңірді өркендетуге зор үлес қосқан аға буынның арасында Мұхамедияр Сейітовтің есімін атауға болады. Адал еңбектің мәртебесін ерте ұғынған Мұхамедияр Сейітов еңбекпен есейген. Қиындықтарға төзе біліп, ерінбей еңбек етудің арқасында елге де сыйлы бола білді. Ауылда өсті, әлі сонда тұрады. Сондықтан, ауылдың жайын айтқызбай-ақ түсінеді. Кішкентайынан бәрін көріп, көңілге түйіп өскен қазыналы қарттың еңбек жолы да, өмір белестері де алтын бесік ауылмен тығыз байланысты.
Әңгімені әріден бастасақ, Мұхамедияр Сейітов 1933 жылдың 22 мамырында қазіргі Тартоғай ауылында өмірге келген. Балалық балғын шағы сол кездегі замандастары секілді аштық жылдары мен сұрапыл соғыстың кезеңіне сәйкес келеді. Жеті жылдық білімімен 1949-1953 жылдар аралығында Қызылордадағы Гидромелиоративтік техникумға түсіп, мелиоратор-ирригатор мамандығын меңгеріп шығады. Оқуды бітірген соң жолдамамен 1953 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданы, «Қарақыстақ» су бөлімше бастығы болып жіберіледі. Бір жылдан кейін яғни, 1954-1957 жылдар аралығында Әзірбайжанның Баку қаласында Отан алдындағы борышын өтейді.
Еңбекқор және елгезек адам қашан да қайнаған еңбектің ортасында жүрері анық. Біз тақырыпқа арқау етіп отырған Мұхамедияр Сейітов те осылайша еңбектің төрінде жүрді. Әскер қатарынан 1957 жылы оралған соң ауданға келіп, суландыру жүйелері басқармасына алдымен инженер-мелиоратор, сонан соң Бәйгеқұм су бөлімшесінде инженер-гидротехник, осы бөлімшенің бастығы қызметтерін атқарады. Артылған жауапкершіліктің үдесінен шыға білгендігі болар, 1961-65 жылдар аралығында аудан басшыларының нұсқауымен Сырдария совхозына аға инженер-гидротехник етіп жіберіледі. Ал, 1965 жылы қайтадан Бәйгеқұм су бөлімшесіне бастық болып келіп, 1993 жылға дейін зейнетке шыққанша жемісті еңбек жасады. Осынау еңбектің қапталында жүріп, су шаруашылығы мекемесі партия ұйымының 20 жылға жуық хатшысы да болды. Еңбек майданының бел ортасында жүрген Мұхамедияр ақсақал Гиганттан Ақдөңге дейін созылып жатқан «САС» және «Мортық», «Құрақбай», «Омбай» болып бөлінетін «Бәйгеқұм», Л-6, Л-5 каналдарын қазу жұмыстарында да тысқары қалмады. Тартоғай совхозының 5 фермасын насоспен суландырып, күріш ектірген. Ел басына күн туған 1959 жылы Сырдария арнасынан асқанда аудан азаматтарымен тізе қосып, Ортақшылдың халқын құтқару, тасымалдау және өзенге бөгет жасау жұмыстарына атсалысады.
Өмірі тіршіліктің нәрімен өрілген Мұхамедияр қарияның қанша жылғы еңбегі мақтаусыз, марапатсыз қалған жоқ, әрине. Атап айтқанда, мерекелік төс белгілері мен құрмет грамоталарын айтпағанның өзінде, ҚазССР мелиорация және су шаруашылығының «Құрмет кітабына» есімі енгізілсе, КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сондай-ақ, «ҚазССР еңбегі сіңген гидротехник» құрметті атағы да берілді. Ал, туған жерін түлету үшін күні-түні еңбектенген М.Сейітов үшін 2011 жылы берілген Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағының берілуі марапаттың ең үлкені екен. Өйткені, кімге де болсын еңселі елі мен туған топырағының құрметінен үлкені жоқ екендігі даусыз.
Дина ЖҮСІПОВА.