Техникамен тілдескен жан
Адамзат баласының пайда болуынан бастап әрі қарай өмір сүруіне, тіршілікке үйренуіне үлкен септігін тигізген ол – еңбек. Еңбектің жемісін көру үшін сол жолда кездескен қиындықпен қарбаласқа толған өмірді бағындыру керек. Еңбек – адамның өз өмірін қалыптастыру қарсаңында қабілеті және рухани күштерінің нәтижесінде өз игілігін пайдалана білуі.
Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Сол жандардың санатында Изатулла Файзуллаұлы да бар.
Мұғалім де, инженер де болған Изатулла Файзуллаев 1997 жылы отбасын асырап отырған «Автобаз» жабылған соң күнкөрістің көзін іздей бастайды. Сонымен, жеке кәсіпті қолай көріп, балаларымен кірісіп кетеді. Яғни, техниканың ақауын тауып, бұзылған машиналарды жөндей бастайды. Бәрі де кәсіптік шеберлікті шыңдауға, өзің еңбек ететін сала жұмысын бес саусақтай, сауатты білуге байланысты екендігі даусыз. Және сол біліктілікті үнемі жетілдіріп отыру керек. Бұл жағынан алғанда да біз әңгіме етіп отырған шебердің де жұмысына ешкім сын айта алмады. Өз ісінің шебері қай уақытта да өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, еңбекке қабілеттілігімен, уақытқа бейімділігімен бағалана біледі емес пе? Изатулла да алмағайып кезеңінде көптің бірі болып, толқын соғып жағаға шығарған балықтың күйін кешпей, қарманды. Қарманды да балаларының нәсібін өзі жетік меңгерген кәсібінен таба білді.
– Өмір деген ағын су секілді екен. Көзді ашып-жұмғанша 60 деген асқаралы жасты еңсеріп, жетпіске де жақындап қалдым. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген сөздің жаны бар. Өткенге шегініс жасасам, жеткен әр белесім өмірімнің бір бөлшегі іспеттес. Қызметтің үлкен-кішісі болмайды. Тек жауапкершілігің жоғары болуы керек. Мейлі ол мемлекеттің жұмысы болсын, мейлі жеке жұмыс болсын. Әр жұмысқа кіріскенде ар алдында тұрғандай болам, – дейді мақаламыздың кейіпкері әңгіме арасында. Иә, еңбекпен шыңдалған жан осылай дейді. Расында да бұл бақытын еңбектен тапқан адамның сөзі.
Алғаш аяқ алысы өз күшімен бастаған кәсібінің аясын кеңейту үшін қаржылай қолдау да қажет болды. Мұның да реті табылып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан қаржылай көмек алып, жұмысын жүргізіп отырған ғимаратты жөндеуден өткізеді. Сонымен қатар, жұмысының негізгі құрал-саймандары болып табылатын, кемпи, машина көтеретін аппаратын, аргон дәнекерін алады. Қосымша көлік жуатын орын да ашады. Сұранысқа көп ие қызметтің түрі мұнда әсіресе, автоген мен дәнекерлеу екен. Бағаларын да тым шарықтатпай, тұтынушының жағдайына қарай белгілейтіндігі аян болды. Тіпті, кейбір қысылып жағдай айтатын жандардың мәселен, егістік басына баратын машиналардың жөндеу жұмыстарының ақысын қарызға да жүргізетіндігін жасырмады.
– Мен ылғи Изатулла ағамның қызметін пайдаланам. Жұмысының сапасы да, бағасы да көңілге қонымды. Кейде үйден асығыста қалтаңдағы тиыныңды санамай шығып кететін кез болады. Немесе, техника болған соң жолда бұзылады. Сондай жағдайда сөзге келместен, техника тіліндегі олқылықтың орнын толтырып, жөндеп береді. Адамдардың алғысын алғаннан, қалтасындағы тиынды бірінші орынға қоятындарды кездестіруге болады. Ал бұл жерде керісінше, – деп ағынан жарылды аудан тұрғыны Ә.Әлімбет.
Иә, халық болған соң түрлі жағдай да болады. Сол жағдайды түсіне білгендіктен де болар, шебердің алды бос болған күні жоқ. Күніне кем дегенде, 7-10 көлікке дейін «Ізет» сервистік орталығының қызметіне жүгінеді. Өзіне қолқабыс етіп, тірліктің көзін үйреніп жүрген мектепте оқитын немересі Ғабит Мұхитұлының да осы іске шыңдалып қалғандығын байқады. Білгенін үйретіп, баулудан жалықпаған қарт ұстаның ыждағаты мен жігеріне тәнті болдық.
– Баланы бастан тәрбиелеу – ата-ананың парызы. Жақсылыққа жақын етіп, еңбекке үйрету міндеті. Менің немереммен жасты немесе қатар балалардың жерден иіліп ағаш алмайтынын көзім шалады кейде. Сондайда қарным ашады. Менен жұмыс сұрап келген жастарды еш ойланбастан жұмысқа да алдым. Бірақ, сәл уақыт істеп, келмей кетеді. Соған қарағанда, қиынсынады ғой деймін. Қиындықсыз қамал алу деген мүмкін емес қой, балам. Адамды адам етіп, қоғамда орнын белгілейтін еңбек екендігін жастардың санасына құйып өсіруіміз керек. Сонда ғана ол ертеңгі күні өз орнын адаспай табады. Ал, өз орнын тапқан адам қай жерге де қажет, – деді Изатулла Файзуллаұлы.
Елбасы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жариялағанда басты принцип «еңбек етсең емерсің» деген қағиданы ұстанды. Бағдарламалық мақаланың негізгі көздегені ең алдымен әлеуметтік жаңғыртуды теңдестіру, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін жетілдіру, әрбір қазақстандықтың еңбегін еселей отырып, тұтыну идеологиясы мен жаппай масылдықпен күрес, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беріледі.
Бүгінгі таңда еңбек жолдары, білімі мен біліктілігі жастарға үлгі боларлық Изатулла Файзуллаұлының отбасына біз де амандық, кәсібіне табыс тіледік.
Дина ЖҮСІПОВА.