ХАЛЫҚ СЕНІМІ – ЕҢ БАСТЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ӘРІ МОТИВАЦИЯ
Қоғам қашанда өзгерісті талап етеді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында елімізде өкілді орган – мәслихаттар құрылған болатын. Қазіргі уақытта жергілікті мәслихат ауданның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саласында болып жатқан оңды істерге өз үлесін қосып отыр. Депутаттар қоғамдағы проблемаларды мұқият зерттеп, олардың түйінін шешу үшін сайлау округтеріндегі тұрғындармен, өкілетті және атқарушы органдар қызметкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады. Осы орайда тиімді шешімдер шығарып, баянды бастамаларға ұйытқы болатын аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.– Сұрағымыздың әлқиссасын бұрынғы қызметіңізден бастасақ. Еңбек жолындағы тәжірибеңіз қазіргі жаңа қызметіңізді игеруге септігін тигізді ме?
– Әрине, тигізді деп нық айта аламын. Мен еңбек жолымды Шиелі кентіндегі №46 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінің бас маманы, №127 мектеп-лицейде директордың орынбасары, сондай-ақ №46, 270, 49 орта мектептерінің директоры болып қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде білім беру саласындағы жүйелі жұмыстың маңызын, ұжыммен және оқушымен, ата-анамен тиімді қарым-қатынас орнатудың тәсілдерін үйрендім. Бұл тәжірибе менің өмірлік мектебім болды десем, артық емес. Әр кезең өз жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілетті, тыңдай білуді және әділ шешім қабылдауды талап етті. Ал бүгінде аудандық мәслихат төрағасы ретінде сол жинақтаған тәжірибемді қоғам игілігіне, өңірдің дамуына бағыттауға тырысып келемін. Білім саласындағы еңбек жолым маған адамдармен тіл табысу, пікір алмасу, ортақ шешімге келу мәдениетін қалыптастырды. Бұл қасиеттер халық өкілдерімен, депутаттармен және аудан тұрғындарымен жұмыс істегенде үлкен көмек береді. Білім саласында жинақталған тәжірибем – жаңа қызметімде табысқа жетудің берік іргетасы деп есептеймін.
– Аудандық мәслихаттың негізгі міндеттері мен жұмыс бағыттары жөнінде айтып өтсеңіз.
– Аудандық мәслихат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырады. Мәслихат депутаттары – халықтың тікелей сенім білдірген өкілдері. Олар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде сайланып, халықтың атынан әрекет етеді. Аудандық мәслихаттың негізгі міндеттері көп қырлы. Ең алдымен, ауданның әлеуметтікэкономикалық даму бағдарламаларын қарау және бекіту, жергілікті бюджетті талқылап, оның орындалуына бақылау жасау – басты бағыттардың бірі. Сонымен қатар аудан әкімінің жыл сайынғы есебін тыңдап, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар мен шешімдер қабылдаймыз. Мәслихат қызметінің тағы бір маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылдау. Бұл әлеуметтік нысандарды дамыту, елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды салаларды қамтиды. Жалпы мәслихат жұмысы бірнеше негізгі бағытта атқарылады. Біріншіден, жергілікті деңгейде шешімдер мен нормативтік-құқықтық актілер қабылдау арқылы қоғамдық қатынастарды реттеу. Екіншіден, атқарушы билік органдарының қызметіне бақылау жүргізіп, олардың есептерін тыңдау және талдау. Үшіншіден, әлеуметтікэкономикалық, қаржы-бюджеттік, аграрлық және басқа да бағыттар бойынша тұрақты комиссиялар арқылы нақты мәселелерді жан-жақты қарау. Сонымен қатар аудандық мәслихат тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды мұқият қарап, олардың шешілуіне ықпал етеді. Біз мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен, сондай-ақ үкіметтік емес секторлармен де тығыз әріптестік орнатып келеміз. Басты мақсатымыз – халықтың мүддесін қорғау, ауданның тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына үлес қосу.
– Соңғы жылдары Шиелі ауданында инфрақұрылымдық даму бағытында қандай істер жүзеге асырылды?
– Иә, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда инфрақұрылымдық дамудың маңызы ерекше. Соңғы жылдары Шиелі ауданында құрылыс, сәулет, жол және газдандыру салаларында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Алдымен құрылыс және сәулет саласына тоқталсам, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бірнеше маңызды нысанның құрылысы қолға алынды. Атап айтқанда, жобалық құны 363 млн теңге болатын Шиелі кентіндегі спорт кешенінің құрылысына республикалық бюджеттен 254 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталды. Сонымен қатар, Бестам ауылында 150 орындық клуб салу жобасының құны 461 млн теңгені құрайды, оған 346 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Инженерлік инфрақұрылым бойынша да бірқатар жоба жүзеге асуда. Мәселен, Шиелі кенті Береке мөлтек ауданына газ құбырын тарту мен орамішілік газ тарату желілерін салуға 269,7 млн теңге бөлініп, келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар Шиелі кентіндегі автотұрақ құрылысына 67,8 млн теңге, ал шығыс аймақтарындағы инфрақұрылым құрылысына (жол, су, электр желісі) жалпы 700 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аудан орталығындағы тұрғын үйлер мен шағын аудандардың инженерлік желілерін жаңарту жұмыстары да назарда. Мәселен, Ақорда ауданындағы тұрғын үйлердің инфрақұрылымына 48,5 млн теңге, «Шұғыла» шағын ауданындағы газбен жабдықтау құрылысына 37,9 млн теңге бөлінді. Бұған қоса, облыстық бюджет есебінен 1 млрд 500 млн теңгеге 100 пәтер сатып алу жоспарланған. Жөлек ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба бойынша жалпы келісім-шарт құны 613,9 млн теңге, ал Абай көшесіндегі спорт кешенін күрделі жөндеуге 249,9 млн теңге қаралған. Газдандыру бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша 19 елді мекен табиғи газбен қамтылған, бұл халық санына шаққанда 81 пайыздық көрсеткішті құрайды. Мысалы, Бәйтерек ауылдық округіндегі 22-бекет пен Алмалы ауылдық округіндегі 21-бекет, Иіркөл ауылдық округіндегі Жансейіт елді мекенінде газ тарату желілері жүргізіліп, пайдалануға берілді. Автомобиль жолдарына келсек, аудан аумағында 323,4 шақырым жол бар. Оның 80 шақырымы республикалық, 98 шақырымы облыстық, ал 145,4 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Қазіргі таңда аудандық маңыздағы жолдардың 89,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар білім және әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін жаңарту бойынша Ш.Қодаманов ауылындағы №158 мектеп, Ақмаядағы №49 мектеп, бірнеше балабақша ғимаратының қазандықтарын салуға 39 млн теңге бөлініп, жобалар әзірленді. Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Шиелі ауданы аумағында құрылыс пен инфрақұрылым саласы қарқынды дамып келеді. Жолдар жөнделіп, елді мекендер газға қосылып, спорт және мәдени нысандар бой көтеруде. Мұның бәрі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдар.
– Әлеуметтік саланың қазіргі жай-күйі қалай?
– Әлеуметтік сала – әрқашан аудан басшылығының басты назарындағы бағыттардың бірі. Себебі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің ең басты мақсаты. Осы бағытта Шиелі ауданында бірқатар нақты жұмыс жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, аудандық мәслихаттың сессияларына ұсынылған «Әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерін бекіту», «Жеңілдік беру туралы», «Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы», «Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту, үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу тәртібін мөлшерін айқындау туралы» шешімдері мәслихат шешімімен бекітіліп, мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізіліп, аудандық мәслихат сайтында және мемлекеттік құқықтық актілерінің эталондық банксінде жарияланды. Алдымен жұмыспен қамту мәселесіне тоқталсақ, статистикалық деректерге сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрайды, бұл шамамен 1833 адам. Аудан халқының жалпы саны 85 740 адамды құраса, оның ішінде экономикалық тұрғыдан белсенді 36 501 тұрғын, ал 34 668-і жұмыспен қамтылғандар. Соның ішінде 17 668 адам – жалдамалы қызметкерлер болса, 17 мыңға жуық адам – өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік әлеуметтік саясат аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері аудан бойынша 216 отбасының 1175 мүшесіне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 79 млн 293 мың теңге төленді. Сондай-ақ 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы қосымша төлем де өз жалғасын табуда. Биылдың өзінде 176 отбасының 341 баласына 10 млн 312 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау да басты назарда. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1310 мүмкіндігі шектеулі адам жеке оңалту бағдарламасымен толық қамтылып, қажетті гигиеналық және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Яғни бұл бағытта жұмыстар 100 пайызға орындалды деп айтуға болады. Басты мақсат – тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру. Бұл үшін жұмыспен қамту, табыс көздерін көбейту, әлеуметтік қорғау және қайырымдылық бағыттары қатар дамытылып келеді.
– Соңғы кездері ауданда қандай даму көрсеткіштері байқалады?
– Соңғы жылдары ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы қарқын алып келеді. Әсіресе кәсіпкерлік пен инвестиция саласында оң динамика байқалуда. Мәселен, 2025 жылдың 1 қазанына дейін ауданда 6 478 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 570-і заңды тұлға, 4 427 -сі дара кәсіпкер, 1 481-і шаруа қожалығы. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 100 пайыздық көрсеткішке тең. Ең бастысы – олардың 6 279-ы белсенді жұмыс істеп тұр, яғни кәсіпкерлердің 97 пайызы нақты өндірісте, қызмет көрсету мен саудада жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруда үлкен рөл атқаруда. 2025 жылдың 9 айында жобалық құны 2 млрд 308,3 млн теңгені құрайтын 250 жоба шағын несие мен грант арқылы қаржыландырылды. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасында кәсіпкерліктің тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. И н в е с т и ц и я т а р т у – б і з д і ң б а с т ы басымдықтардың бірі. Ауданда жыл сайын жаңа жобалар көбейіп келеді. 2025 жылы жалпы құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар іске қосылған соң 233 адам тұрақты жұмыспен, ал құрылыс кезінде 700 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Ең бастысы, бұл жобалар аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға, инвестициялық климатты жақсартуға және жеке сектордың үлесін күшейтуге зор мүмкіндік береді. Энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы ірі жобалар Шиелі ауданын аймақтың экономикалық драйверлерінің біріне айналдыруда
– Б ү г і н г і қ о ғ а м б е й н е с і б ө л е к . Ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желінің рөлі де айрықша. Сол себепті мәслихат жұмысын елге көрсету мақсатында қандай істер атқарып жатыр?
– Иә, расында да, халықтың сенімін арттыру және мәслихат жұмысының айқын болуын қамтамасыз ету – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Осы орайда 2022 жылдан бастап аудандық мәслихаттың сессиялары «Aitube» онлайн-платформасында тікелей эфирде көрсетіле бастады. Бұл тәжірибе тұрғындарға мәслихат отырыстарының барысын үйден шықпай-ақ көруге мүмкіндік берді. Себебі тұрғындар мәслихат шешімдерінің қалай қабылданатынын, депутаттардың өз округтері бойынша қандай ұсыныстар айтып, қандай мәселелер көтеріп жатқанын нақты көре алды. Көптеген азамат пікір қалдырып, өз ұсыныстарын білдіріп отырды. Осылайша, қоғам мен өкілді орган арасындағы өзара байланыс нығая түсті. 2023 жылдан бері аудандық мәслихаттың ресми Facebook парақшасы арқылы сессиялар тікелей эфирде көрсетіліп келеді. Бұл әлеуметтік желі арқылы эфир жүргізу көпшілікке анағұрлым ыңғайлы болды. Өйткені Facebook кең аудиторияны қамтиды және тұрғындардың пікір қалдыруына, сұрақ қоюына мүмкіндік береді. Аудандық мәслихаттың сессиясында қаралып, қабылданған шешімдер аудандық мәслихаттың интернет ресурсында жарияланып келеді. Ең бастысы – ашықтық пен сенім артады. Халық депутаттардың қызметін онлайн көріп, бағалай алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы әрбір азамат нақты ұсыныс немесе сұрақ жолдап, мәслихат қызметіне жанама түрде қатыса алады. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі.
– Жеке тұлға ретінде өзіңіз қандай ақпараттық сайттар мен басылымдарды оқисыз?
– Мен негізінен ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгінемін. Күнделікті республикалық деңгейдегі жаңалықтарды «Egemen Qazaqstan», «24.kz» сияқты порталдардан оқып отырамын. Сонымен қатар облыстық және аудандық деңгейдегі жаңалықтарды «Сыр медиа» медиа құрылымының басылымдары және жергілікті ақпараттық парақшалар арқылы бақылап отырамын. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселелерден, елдің даму бағытынан хабардар болып отырудың тиімді жолы деп санаймын.
– Әлеуметтік желілерді қолданасыз ба? Егер қолдансаңыз, көбіне қандай мақсатта пайдаланасыз?
– Иә, қолданамын. Әлеуметтік желілер қазіргі таңда халықпен байланыс орнатудың ең тиімді алаңына айналды. Facebook, Instagram желілерін белсенді қолданамын. Онда ауданның тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат бөлісіп, тұрғындардың пікірлерін тыңдаймын. Кейде азаматтар тікелей хабарласып, өз өтініштерін немесе ұсыныстарын жазады. Мұндай кері байланыс біз үшін өте құнды. Ол арқылы жергілікті халықтың көңіл-күйін, мәселелерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік туады.
– Сізді аудан тұрғындары қарапайым, кішіпейіл жан деп бағалайды. Осы орайда жеке өміріңіз, отбасыңыз және өмірлік ұстанымыңыз туралы сөз қозғасақ, қарсы емессіз бе?
– Қарсы емеспін, әрине. Өмірде қандай қызмет атқарсаң да, ең бастысы – адамдық болмысыңды жоғалтпау деп білемін. Мен үшін отбасы – өмірдің берекесі мен тірегі. Жұмыс пен жауапкершілік қанша ауыр болса да, адам өз шаңырағынан рухани демеу, тыныштық пен жылылық табуы керек. Отбасымда жұбайым екеуміз төрт перзент – екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Балаларымның тәрбиесіне, білімге деген құштарлығына үлкен мән беремін. Өйткені, ұрпақтың саналы, елжанды болып өсуі – ата-ананың ең үлкен парызы. Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек ету, уәдеңде тұру және ел сенімін ақтау. Қай қызметте болсын, алдымен халықтың мүддесін ойлап, әр іске жауапкершілікпен қарау – басты қағидам. Адамды биік ететін мансап емес, еңбегі мен адамгершілігі және қарапайымдылығы деп есептеймін. Сондықтан қарапайымдылықты, кішіпейілділікті өмірлік ұстаным етіп келемін. Бала кезімнен еңбекқорлыққа, тәртіпке, сыйластыққа баулып өсірген ата-анама алғысым шексіз. Сол кісілердің тәрбиесі мен ұлағаты – менің өмірімнің темірқазығы. Ал өмірімнің басты мақсаты – елге қызмет ету, арттағы ұрпаққа өнеге қалдыру. Қарапайымдылық пен адамдықты жоғалтпай, адал еңбектің жемісін көру – мен үшін ең үлкен бақыт.
– Өмір жолыңызда үлгі тұтып, өнегесін алып, ағалық мектебінен өткен адамыңыз бар ма?
– Иә, өмірде бағыт-бағдар беріп, парасатымен, іскерлігімен, адами болмысымен үлгі болған тұлғалар болады ғой. Мен үшін сондай өнеге тұтқан, үлкен өмір мектебін сыйлаған тұлға – Тұрабайұлы Жарылқасын ағамыз. Жарылқасын ағамыздың өмір жолы – нағыз табандылық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол кісі еңбекқорлығымен, батылдығымен, қиындыққа мойымайтын жігерімен ерекшеленетін жан. Қай қызметте жүрсе де, ең алдымен халық мүддесін жоғары қойып, әр істі тыңғылықты, тиянақты атқаратын. Әсіресе, Шиелі ауданының ауыр экономикалық кезеңінде, жекешелендіру дәуірінде ауданды тығырықтан алып шығып, елдің тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі – тарихта қалатын еңбек. «Кішіпейілділік пен қарапайымдылық – ұлылықтың белгісі» деп орта ғасыр ойшылы Махмуд Қашқари айтқандай ол кісіден ұйымдастырушылық қабілетті, жауапкершілікті сезінуді және елмен тіл табыса білуді үйрендім. Әрбір сөзі мен ісі сабақ болатын Жарылқасын ағамыздың адами болмысы, қарапайымдылығы мен парасаты – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Сол кісіден көрген өмірлік ұстаным – қандай жағдайда да сабыр сақтау, уәдені орындау және ел сенімін ақтау. Бұл қағидалар менің де қызмет жолымның басты бағыт-бағдарына айналды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың өмір салтын арттыру және тұрғындармен ашық диалог орнату жөніндегі тұғырнамасы негізгі бағдаршамдарыңыз екенін жақсы ұғамыз. Осы тұста жыл басынан бері халық қалаулылары қанша мәрте ел тілегіне құлақ түріп, шешілмеген түйінді тарқатты?
– Жыл басында аудандық мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдаулар кестесі бекітіліп, аудандық жергілікті баспа беттерінде және аудандық мәслихаттың ресми сайтында жарияланды. Осы кестеге сәйкес әр депутат аудандық мәслихатта және өз округтері бойынша тоқсанына бір рет қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді. Аудандық мәслихат депутаттары Шиелі кентіндегі және елді мекендердегі жүріп жатқан құрылыс объектілерін, абаттандыруды өз көздерімен көріп, аралап орын алған кемшіліктер бойынша дер кезінде ұсыныс пікрлерін енгізіп, құрылыстардың сапалы және уақытылы орындалуына өз үлестерін қосып отырды. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары Қалмырза Қасымов, Болат Сыздық, Дихан Әубәкіров, Болат Сүлейменов, Асхат Ермаханов, Мұқанбетжан Салқынбаев, Қанат Жүсіп, Қазбек Шәукебаев, Даурен Досмағанбетов, Қанат Сәулебек, Асқар Бердібаев, Нұргүл Шалекеева, Асылхан Өмірәлиев, және Әбдіәзиз Мұстафаұлы келіп түскен өтініш иелерінің мәселелеріне заңдылық аясында жауаптар беріп, тиісті орындарға ұсыныстар берді. Аудандағы кезек күттірмейтін мәселелерді көтеріп, және сайлаушылардың өтініштеріне сәйкес атқарушы органдарға 14 рет депутаттық сауалдар жолдап, оларды шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарып келеді.
– Алдағы жоспарлар мен мақсаттар қандай?
– Жалпы алғанда, аудандық мәслихат – жергілікті басқару жүйесінің ажырамас бөлігі. Оның басты мақсаты – тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік және экономикалық даму бағыттарын айқындау, бюджетті тиімді басқару және билік органдары қызметіне қоғамдық бақылау орнату. Мәслихаттың тиімді жұмысы ауданның тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына және азаматтық қоғамның нығаюына тікелей ықпал етеді. Алдағы кезеңдегі біздің басты бағытымыз – аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта Шиелі аудандық мәслихаты ауыл шаруашылығын қолдауға, кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға айрықша назар аударып отыр. Жоспар бойынша мектептер мен балабақшалардың материалдықтехникалық базасын жаңарту, шалғай ауылдарда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген. Сонымен қатар мәдениет үйлері мен кітапханаларды жаңғырту арқылы ауданның мәдени өмірін жандандыру да маңызды бағыттардың бірі. Инфрақұрылымдық даму тұрғысынан жолдарды жөндеу, ауызсу мен электр желілерін жаңарту, интернет пен байланыс сапасын жақсарту, елді мекендерді көгалдандыру және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталады. Қоғамдық қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды. Құқық бұзушылықтың алдын алу, бейнебақылау жүйесін кеңейту, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нақты шаралар қабылданады. Мәслихат депутаттары тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдайды. Әрбір шешім дәл осы ұсыныстарды ескере отырып қабылданады. Қысқасы, біздің барлық жоспарымыздың өзегі – аудан халқының тұрмыс сапасын жақсарту және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосу. Біз үшін халық сенімі – ең басты жауапкершілік әрі мотивация.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
		







