Мәслихат: 30 жылдың белесі
Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, бүкіл республика үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде халық қалаулылары елмен бірге өркендеу мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп, демократияны нығайтуда, аймақтық экономиканы дамытуда және халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1994 жылдан бастап депуттардан құралған мәслихаттар атқарушы билікпен бірлесе қоғам өмірінде елеулі деген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті десек, бір мақсат үшін үндескен жергілікті мәслихаттар киелі Шиелі өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Жұма күні, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Аудан депутаттары бас қосқан мерекелік шарада Шиелі аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолында қызмет етіп, құрметке бөленген халық қалаулыларын марапаттады.
Жұма күні, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Аудан депутаттары бас қосқан мерекелік шарада Шиелі аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолында қызмет етіп, құрметке бөленген халық қалаулыларын марапаттады.
– «Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы, халық билігінің бастауы. Аудан жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін», – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы мәслихат депуттаттарының ерен еңбегі мен қоғамдағы қызметіне айрықша маңызға ие екенін атап өткен болатын.
Осы уақыт ішінде Шиелі ауданының мәслихат депутаттары өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті. Мәслихат – халық пен билік арасын берік жалғап, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды.
Бүгінгі айтулы мереке күні сонау 1994 жылдың наурыз айынан бастап осы күнге дейін атқарушы билікпен бірлесе отырып, халық аманатын орындау, аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, экономикамыздың дамуына тың серпіндер беруде өз біліктіліктері мен білімдерін аямай жұмсай отырып, аймағымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан І, ІІ, ІІІ, ІV, V, VІ, VІІ, VІІІ шақырылым депутаттарын, І, ІІ, ІІІ, ІV шақырылым хатшысы Оразымбетов Сұлтанбек Қойшыбайұлын, V шақырылым хатшысы Әшім Оразбекұлын, VІ шақырылым хатшысы Сыздық Болат Мүбәракұлын, VІІ шақырылым төрағасы Жағыпбаров Тұрмағанбет Әлиасқарұлын және аудандық мәслихат аппаратының нығаюы үшін халық қалаулыларымен бірге үлкен жұмыстар атқарған Рахым Мәуйяұлы секілді ағаларымызды ерекше атағым келеді.
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде конституциялық орны бар мәслихаттардың 30 жылдығы құтты, егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұрақты болсын, – деді аудан әкімі.
Содан соң, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев аудандық мәслихатының VІІІ шақырылым депутаты, мәслихат төрағасы қызметін абыроймен атқарған, аудан әкімі Айтбай Насриддинұлына мәслихаттың 30 жыл толуына дайындалған арнайы төсбелгіні табыс етті.
Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Шиелі ауданының бүгінде әлеуеті артып, өңірдің келбеті күн санап өзгеруде. Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық ахуал ілгерілеп келеді. Осынау оң нәтижеге жету жолында қаншама азаматтар тер төгіп, өңірдің өніп-өркендеуіне үлес қосып жүр. Халық үнін мәслихат мінберінде көтеріп жүрген депутаттардың қай кезде де салмағы орасан. Әсіресе тиімді шешімдер шығарып, баянды бастамаларға ұйытқы болатын бұл құрылымның жұмысы да оңай емесі анық.
Салтанатты шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін 100-ге жуық мәслихат депутатын мерекелік медальмен марапаттады.
Марапаттау рәсімінен соң мерекелік жиын құрмет төрінен көрінген қонақтардың құрметіне дайындалған аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
М.Ибрагимов