ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: БЫЛТЫРҒЫ БЕЛЕС ПЕН АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАР БАҒДАРЫ
Жуырда «Руханият орталығында» аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Келелі жиын аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев, аудан әкімі А.Жандарбеков, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері мен бірқатар бөлім басшылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өрбіді. Алқалы жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде қоғамдық кеңестің қарауына екі мәселе ұсынылды.
Бірінші мәселе бойынша мінберге көтерілген аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев жыл көлемінде жасаған жұмыстарына жан-жақты тоқталып өтті. Тұрақты комиссиялар ауданның әрі қарай дамуына оңтайлы ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселелерді қарауды өздерінің ең басты міндеттері деп санайды. Баяндама ауқымды, көлемді деректермен, нақты көрсеткіштермен көмкерілген. Негізгі мәселелер мен жүзеге асқан іс-реформаларды маңызды жағынан көрсете білді. Мәлім болғандай, 2023 жылғы 21 желтоқсандағы VIII шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 10-шы сессиясында аудандық мәслихаттың жұмыс жоспары бекітілген. Соған сәйкес 4 кезекті, 8 кезектен тыс, барлығы 12 сессия өткізілген.
Тиісінше фейсбук онлайн-платформасында тікелей эфирде көрсетіліпті. Аудандық мәслихаттың сессияларында 156 мәселе қаралып, қажетті шешімдер де қабылданған. – Мәслихаттар құзіретіне Заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Аудандық бюджетке 4 өзгеріс енгізілді. Жыл басында аудандық бюджет несиелерді қоса есептеген 14 млрд 976 млн 688 мың көлемінде бекітілді. Оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 228 млн 816 мың теңгені құрайды. Биыл 1 қаңтардан бастап түзетілген бюджет несиелерді қоса есептегенде 17 млрд 381 млн 40,2 мың теңге көлемінде бекітілді. Аудандық бюджеттің кірісі бүгінгі күнге болжамдалған теңгенің орнына 17 млрд 868 млн 578,5 мың теңгеге (102,6 %), оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 5 млрд 526 млн 909 мың теңгенің орнына 6 млрд 122 млн 579,4 мың теңгеге (110,8 %) орындалды. Ал аудандық бюджеттің шығысы жалпы 17 млрд 381 млн 40,2 мың теңгеге жоспарланды. Бүгінгі күнге 15 млрд 419 млн 70,1 мың теңгеге (88,6%) орындалды. Игерілмеген қаржы 1 млрд 993 456,6 мың теңге, – дейді аудандық мәслихат төрағасы. Сәйкесінше бюджетке өзгерістер енгізуде аудандық мәслихат депутаттарының ұсыныстары ескеріледі. Есепті кезеңде аудандық мәслихат жанынан құрылған аудандық мәслихаттың уақытша жұмысшы комиссиялары аудандағы ең өзекті деген мәселелерді тұрақты комиссияларда талқыланды. Ауданның тыныс-тіршілігімен тікелей танысты. Тұрғындармен тілдесті. Кезек күттірмейтін мәселелерді көтерді. – Мал дәрігерлік көмек көрсету мен мал тұқымын асылдандыруға байланысты ветеринариялық бөлімнің есебі тыңдалды. Одан бөлек аудан аумағындағы бейіттерге және карьерлерге (құм, топырақ) орын бөлу туралы, аудан аумағындағы мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда ҚР еңбек заңнамасының сақталуы, орындалуы жайлы, денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, Шиелі кенті әкімінің есебі тыңдалып, мәселелер қаралып, сессияда тиісті шешімдер шығарылды, – дейді Мұрат Өскенбайұлы. Айта кетейік, жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары құзырлы органдарға 18 депутаттық сауалдар жолданып, онда аудандағы кезек күттірмейтін проблемалар көтеріліп, оны шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Аудандық мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдаулар кестесін шегелеп, оны жергілікті баспасөз беттерінде, аудандық мәслихаттың ресми сайтында жариялады. Осы кестеге сәйкес әр депутат аудандық мәслихатта және өз округтері бойынша тоқсанына бір рет қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Сонымен қатар түрлі акция мен шараларды ұйымдастыруда, мерекелік, спорттық жарыстарды өткізуде, балаларға, ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлықты билікпен бірге мәслихат депутаттары көрсетуде. «Жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ететін атқарушы органдар мен халық сайлайтын, олардың еркін білдіретін өкілді органдардың алдындағы мақсат ортақ. Ол – халыққа қызмет ету. Жаңа Қазақстан жолында бірігіп жұмыс істеу – ең басты мақсатымыз!» деп аудандық мәслихат төрағасы сөзін түйіндеді. Келесі кезекте аудан әкімі Айтбай Жандарбеков кеңес мүшелерінің алдында баяндама жасап, өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттерді саралап өтті. Аудан басшысы өткен жыл табысты болғанын атап, барлық салада даму қарқыны сақталғанына тоқталды. – Ел Президентінің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты. 2024 жылы аудан бюджеті 14 млрд 976 млн теңгеге бекітілсе, жыл соңында нақтыланғаны 18 млрд 644 млн теңге. Аудан бюджеті әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталды. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін негізгі капиталға тартылған инвестиция лар 124,4 пайыз. Өңдеу өнеркәсібі 143,3 пайызға өсті. 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 106,2 пайызға артты. Қазіргі таңда ауданда жалпы 6363 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Жалпы ұлу жылында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 359 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. 524 жұмыс орны ашылды, – деген Айтбай Жандарбеков басқа салалардағы атқарылған жұмыстарды жеткізді. Кентке өткен жылы 719 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылған. Жоба толық аяқталып, нәтижесінде аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайызы жаңартылған. Бүгінде аудан тұрғындарының «көгілдір отынды» тұтыну көрсеткіші 80 пайызға жетеді. Жалпы құны 1 млрд 139 млн теңгеге Ортақшыл елді мекеніне газ жүргізу жұмыстары аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жансейт елді мекенінде 100 орындық жаңа мектеп құрылысы жұмыстары жүргізіліп,пайдалануға берілді. Ал биыл аймақ басшысының қолдауымен кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталығы бой көтерді. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының есептері негізінде өткен жылғы қызметтеріне оң бағасын берді.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ