ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қоғамдық кеңес – қашанда кент ішіндегі және де ауылдық округтерде орын алып жатқан жағдайларды, өткір де өзекті мәселелерді шешуден шаршаған емес. Осы жолғы жиында да бірқатар түйінді мәселе талқыға түсті. Алдымен Бестам ауылдық округінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ауыл әкімі М.Қыпшақпаев баяндады.
– Ауылдық округ әкімі аппаратынан арнайы бір маман белгіленіп, күнделікті көрсетілетін қызметтерге мониторинг жүргізіліп, мерзім бұзушылықты болдырмау үшін қадағаланып отырады. Дегенмен кейбір қызметкерлер жауапкершілікке немқұрайлы қарап, бірнеше факті орын алды. Әйтсе де ағымдағы жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты арыз-шағым түспеген. Мекеме мамандарына ақпараттық жүйемен жұмыс жасау тәртібі үнемі жан-жақты түсіндіріліп отырады. Мекемеде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары қарастырылған, – дейді ауыл әкімі.
Жиындағы негізгі мәселенің бірі – 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет және ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген жастарды қолдау шараларын ұсыну туралы болды. Бұл мәселелер төңірегінде экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Жұмаділдаев баяндама жасады. Содан соң аудан бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбековтың баяндамасы тыңдалды.
Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылыды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ