Мәслихат – халық пен билік арасын жалғайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өзін өзі басқару органдарын одан әрі дамытуды қолдау қажеттігіне баса назар аударып келеді. Жалпы, жергілікті қоғамдастық, жергілікті өзін өзі басқару қызметі, жергілікті өкілді орган (мәслихат) және жергілікті атқарушы билік төрттігінің үйлесім тауып жұмыс істеуі аса маңызды. Егер олардың арасында үйлесімді жұмыс болмаса, ашықтық, тұрғындардың ой-пікірімен санасу жолға қойылмайды. Түйткілдерді анықтау, оны оңтайлы шешу ісі тығырыққа тіреліп, өзекті мәселелер қордалана түсері сөзсіз.
Расында жоғарыда айтып өткен «төрттіктің» әрқайсысының да өзіндік маңызы зор. Әсіресе жергілікті қоғамдастықты, жергілікті өзін өзі басқару қызметін ілгерілетуде, өзекті мәселелерді атқарушы биліктің назарына дәлелді түрде ұсынуда мәслихаттардың орны бөлек. Жергілікті халық өзін толғандырған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көптеген сұрақтың жауабын негізінен өздері сайлаған, сенім білдірген мәслихат депутаттарынан алғысы келеді. Өйткені оларды билікпен байланыстырушы «алтын көпір» санайды.
Расында жоғарыда айтып өткен «төрттіктің» әрқайсысының да өзіндік маңызы зор. Әсіресе жергілікті қоғамдастықты, жергілікті өзін өзі басқару қызметін ілгерілетуде, өзекті мәселелерді атқарушы биліктің назарына дәлелді түрде ұсынуда мәслихаттардың орны бөлек. Жергілікті халық өзін толғандырған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көптеген сұрақтың жауабын негізінен өздері сайлаған, сенім білдірген мәслихат депутаттарынан алғысы келеді. Өйткені оларды билікпен байланыстырушы «алтын көпір» санайды.
Бүгінгі таңда Шиелі аудандық мәслихат хатшысы және оның аппараты депутаттардың өкілеттіктерін жүзеге асыруда, сессия отырыстарын өткізуде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәслихаттың беделі, абыройы оның пәрменділігіне, әр депутатының белсенділігіне, міндеттеріне деген жауапкершіліктеріне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынасына тікелей байланысты деуге болады. Бұл туралы аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров «Шиелі аудандық мәслихат депутаттары аудандағы ең өзекті деген мәселелерді тұрақты комиссияларда талқылайды. Ауданның тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, тұрғындармен кездесулер өткізіп, сессия материалдарын әзірлеуде рейдтерге шығуды үрдіске айналдырды. Түрлі шаралар мен акцияларды ұйымдастыру болсын, мереке, спорттық жарыстарды өткізу, балалар, оқушылар, ардагерлер, зейнеткерлерге қамқорлық көрсету орайында да билікпен бірге аудандық мәслихаттың депутаттары белсенділік танытуда. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары құзырлы органдарға 6 рет депутаттық жолданым жіберіп, онда кезек күттірмейтін мәселелер көтеріліп, оны шешу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, аз қамтылған тұрмысы төмен отбасылармен жұмыс істеу, жайылымдық жер мен аяқ су мәселелерін шешу бағытында да оңды өзгерістер бар. Айта кетейін «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының саяси кеңес бюросында аудандық мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдаулар кестесі бекітілген. Осы кестеге сәйкес аудандық мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді» деді.
Қазіргі таңда ауданда қордаланған мәселелер мүлде жоқ дей алмаймыз. Олардың ішінде қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты мәселелер ерекше аталады. Бұл жағдаяттар сөз болғанда бірінші кезекте жергілікті атқарушы билікпен қатар жергілікті өкілді орган – мәслихаттың жұмысы да сынға алынады. Осы орайда «Жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және қоғам сенімін нығайтудағы мәслихаттың шынайы рөлі қандай?» деген сауал көкейімізде туындайды.
– 2022 жылы ҮІІ шақырылған аудандық мәслихаттың 4 кезекті, 10 кезектен тыс, 1 кезектен тыс жабық, барлығы 15 сессиясы өткізіліп, «Aitube» онлайн-платформасында тікелей эфирде көрсетілді. Бүгінгі таңда аудандық мәслихаттың сессияларында 160 мәселе қаралды. 2022 жылға арналған аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде жыл басында 19 млрд 995 млн 505 мың теңге көлемінде бекітілсе, бүгінгі таңға 5 рет өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде аудандық бюджет 23 млрд 153 млн 795 мың теңгеге жетті. 2021 жылға арналған Шиелі ауданының және кент, ауылдық округтерінің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептері тыңдалды. 2018 жылдан бастап халқы 2 мыңнан асатын жергілікті 14 ауылдық округ әкімдерінің бюджеттері, 2020 жылдан бастап қалған ауылдық округ әкімдерінің бюджеттері дербес өз алдына бекітіліп, олардың атқарылуы жөнінде мәселелер қаралып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау, мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы шешімдер қабылданды, – деп аудандық мәслихат хатшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстың легін тарқатты.
Қорыта айтқанда, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында мәслихаттарға жүктелер жауапкершілік өте салмақты екенін ұқтық. Бұл міндетті ендігі кезекте абыроймен орындай білсе болғаны.
Г.ДҮЙСЕБАЙ