Мал баққанның ырысы мол
Кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалататын еңбекқор адамдар жайлы газетіміздің әр нөмірінде жазып келеміз. Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбектің тәтті дәмін татқан төңкерістік Рабиға Тұрсынбекова мал шаруашылығын қолға алған нәзік жанды жеке кәсіпкер.
Бейбіт қоғамда бейнетшіл пендеге қандай кәсіппен айналысамын десе де қолайлы жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, дүкен ашып саудамен айналысамын десеңіз де, ешкім бетіңізден қақпайды. Керісінше, мемлекет тиімді жобалар ұсынып, несие беруде. Бүгінгі кейіпкеріміз Рабиға Әшімқызы «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өтіп, кәсіп ашу үшін пайызы төмен, яғни, 6 пайыздық жеңіл несие алады. Мемлекеттің жәрдемі қолға тиген соң 1 млн. 800 мыңға 8 бас сиыр алып, мал шаруашылығына бет бұрады. «Отбасылық кәсіпті бастауға жанұя мүшелерінің септігі көп тиді. Ойлана келе, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді жүзеге асыру барысын қарастырдық. Мал – баққанға бітеді. Қазақ халқы қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған ата кәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санадық» – дейді жеке кәсіпкер.
Рабиғаның еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын сөз ауанынан байқадық. 2017 жылдың тамыз айында кәсібін бастаған нәзік жаратылыс иесі мал бордақылау жұмысын алға қойып, етін сатумен айналысады. Сонымен қатар, сауын сиыр да бар көрінеді. Одан өндірілетін сүт, құрт, май өнімдерін Шиелі кентіне әкеліп, дүкендерге өткізеді. Бастапқыда алған 8 бас сиыры бүгінгі таңда 14 басқа көбейіп тұр.
«Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген қазақ тәмсілі тегін айтылмаса керек. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, белшеден берекеге кенелтетін адал еңбекті тапқан жан. Аудан әкімі кезекті есеп беру барысында екі қолға күрек таппай жүрген ауыл азаматтарын жеке кәсіппен айналысуға шақырған болатын. Әр ауылдан кем дегенде 30 отбасы кәсіпкер атанып, сол ауылдың қажеттіліктерін өтеуге, сондай-ақ, жұмыссыздықты жоюға атсалысуы тиіс деген еді. Ал, енді ғана кәсіп ашып, нәпақасын табуға бекінген жандарға Рабиға Тұрсынбекова үлгі болуға әбден лайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.