Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолымызда қармақ бар, несібеңді қармап қал

Қолымызда қармақ бар, несібеңді қармап қал


«Жас келсе іске» демекші, жігері жалын жас­тар шаруашылықты қолға алып, мал шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Кәсібіне көңілімен кірісіп, бергенін береке көрген ауыл азаматы Нұрдаулет Нұрмағанбетов асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Ә.Тәжібаев ауылының тұрғыны Н.Сәбитұлы ата кәсіпке бала күннен бейім. Зеңгі баба түлігінен табысымды табамын, жанымды бағамын деп бастаған жас бүгінде кәсібін кеңейтіп, өрісін өсіріп келеді. Мал басын асылдандыру мен көбейту мақсатымен алған жеріне жағдайды жасап, қора жайларын қамдап, шаруасын шатқаяқтатпай келеді. 2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында 10 млн. теңге қаржы алып, 4 асыл тұқымды бұқа, 58 ірі қарамен мал басын көбейтті. Еңбектің көзін тапқан табыстың өзін таппайды ма? Нұрдаулет қожалық ететін «Дәулет» шаруашылығында алдағы уақытқа жоспарланған мол істердің легін білдік. Асыл тұқымды мал басының санын арттырып қана қоймай, сапаға да аса мән беріп отырған жастың жос­парларына қарап, «жарайсың» дегеннен аса алмайсың.
Облыс дамуының негізгі бағыт­та­ры сараланған аймақ басшысы
Қ.Кө­шербаевтың есепті кездесуінде де мал шаруашылығының өсімін ұлғайта түсу тапсырылғаны белгілі. Биылғы жылды кәсіпкерлік жылы деп белгілей отыра бизнесті дамытудың «Жол картасы» әзірленді. Өңірлік бірыңғай «Жол картаға» сәйкес дамымаған салаларды дамыту мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен қала және ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлік субъектілері үшін 18 типтік бизнес-жоспарлар жасалды. Оның бірі – мал шаруашылығы екені тағы белгілі. Атал­ған ілкімді істер Шиелі өлкесінде іл­гері басып келеді. Осындай мол мүм­кіндіктерді мейлінше тиімді пай­да­ланып, өзін және өзгенің екі қол­ға бір күрек табуына ықпал жасап отыр­ған Нұрдаулет Сәбитұлы: «Бүгінде үкімет өзегімді талдырмайды деп құралақан қарап жату, жұмыс жоқ деп өзгелердің есебінен күн кешу сынды масыл­дық санадан арылар кез келді. Біздің қолымызда қармақ бар. Енді, сонымен балық ұстауды қиынсынамыз ба? Барлық жағдай жасалуда. Тек, ынтаң болса, ырыс та болады», – деп бөлісті өз пікірімен.
Иә, газетіміздің әр нөмірінде жария­­лап отырған кәсібінен береке тапқан азаматтар өз өмірін ғана емес, өлкенің өндірісін де өркендетіп келе жатқандар.
Бақытжан МӘДЕНОВ.
25 ақпан 2018 ж. 2 036 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930