Кәсібім – өзімнің нәсібім
«Сыбаға» бағдарламасы ауылдағы мал өсірумен айналысып, мал басын көбейте түссем деген ағайынға берілген зор мүмкіндік болды. Осы бағдарлама қолға алынған күннен бастап, белді бекем буып жеңілдетілген несие алып, малын бағып, кәсібін жандандырып отырған жандар баршылық. Мал шаруашылығын өркендету бағытында қол жеткізген жетістіктері жетерлік жандардың бірі – қарт Қаратау етегінде орналасқан «Еңбекші» ауылының тұрғыны Сәрсенбай Бекжанов.
Иә, Еңбекші өзінің айран-сүтімен, отар-отар қойымен, желден жүйрік жылқыларымен, маң-маң басқан түйелерімен ауданға аты шыққан ауыл. Үнемі мал бағумен айналысатын шағын ауылдың азаматтары төрт түліктің бабын жақсы біледі. Жылқының құлағында ойнайтын жігіттері талайдың таңдайын қақтырып, таңқалдырып келеді. Осы ауылда ата-баба дәстүрін жалғастырып, мал ұстап, мал шаруашылығын дамытып отырған жандардың бірі – Сәрсенбай Бекжанов. «Жылқышының баласы құрық ұстайды» дегендей малшының баласы әке ізін қуып, мал өсірумен айналысады. Әкесі Өскенбай Бекжанов – ауданға танымал бақташы болған кісі. Әкеге қарап бой түзеген Сәрсенбай Өскенбайұлы бала күнінен бастап мал бағуға, олардың бабын жасауға кіріседі. Ізденеді, үйренгісі келеді. Мектеп бітіріп, Алматы қаласына оқуға түсіп, 1991 жылы ветеринар мамандығын игеріп шығады. Алматы қаласындағы білікті мамандардан тәжірибе жинақтап келген ол, ауылына оралысымен әкесіне демеу болады. Ал, Өскенбай ақсақал дүние салған соң, шаруашылықтың тізгінін қолына алып, алға қарай дамытуды, мал санын көбейтуді көздейді.
Кәсіпкерліктің кілтін тапсаң, шаруаң жүретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ыңғайын келтірсең, ісің оңға басады.
Төрт түліктің бабын тауып отырған ағамыз 2017 жылдың қаңтар айында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 млн.теңге несие алады. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында Орал қаласына аттанып, төрт бас асыл тұқымды бұқа алып келеді. «Ал, қалған малдарды осы төңіректен алдым,» – дейді төраға.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген ұшқыр ойдан туған қазақ мақалындағыдай ауызбіршілік бар жерде береке бар екенін жақсы білеміз. Айрандай ұйып, ауызбіршілікте отырған ауылдың болашағы жарқын болары анық. Кәсібін жандандырып, ауылының байлығын арттыруға атсалысып отыратын азаматтары болса, ол мекеннің келешегі кемел болары сөзсіз.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.