Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыбағадан» сыбағасын алғандар

«Сыбағадан» сыбағасын алғандар

Әділбек – Ақмая ауылының тумасы. Өзі қарапайым отбасынан шыққан азамат. Ауылдың баласы болғаннан болар, төрт түлікке бір иығы тартып өсті. Бүгінгі күні шаруа қожалықтың төрағасы атанып отырған ол: «Тай тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер», – дейді.
Әділбектің осы саланы қолға алуына қаладағы
бауыры Мақсат Тілеубаевтың ықпалы болады. Балалық шақты бірге өткізген ағайындылар, болашаққа да бағдарды бірге жасайды. Тай құлындай тебісіп бірге өскен жігіттердің ойлары сан салаға сабылып, аяғында мал шаруашылығымен айналысуға тұрақтайды.
«Адам – өз өмірінің суретшісі. Яғни, қалай өмір сүрем десе де, тағдыры өз қолында. Алдына бір мақсат қойып, басты көтере білу керек. Олай жасамаса, төмен қараған жан алыстағыны көре алмайды», – дейді Әділбек.
Олар кәсібін 2-3 жылқы алудан бастайды. Сұрастыра келе, мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болады. Белді буып, берекелі іске бекем бекінген жігіттер 2016 жылдың маусым айында «Құлагер» бағдарламасы бойынша 11,5 млн. теңге көлемінде несие алады. Шырайлы Шымкент қаласына барып, төрт түліктің төресін, яғни, 46 бас жылқыны өз қораларына қамайды.
Ісі өрге өрбісе, кім кері шегінгісі келеді? Мал шаруашылығын қолға алған жігіттер, кәсібін дамытуды алға мақсат етеді. 2017 жылдың басында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 10 млн. теңге сыбағасын алып, 78 бас ірі қара малын алады. Тұқымды жаңарту мақсатында Арқалық қаласын бетке алып, асыл тұқымды төрт өгіздің құлағына ен салады.
«Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген нақыл сөздердің бірінде. Бүгінгі таңда шаруа қожалықта 117 бас жылқы, 133 бас ірі қара малы бар. Сонымен қатар, 3 жанды жұмыспен қамтып отыр. 2017 жылы мал ұстайтын фазенда алып, күн мен желден электр жарығын өндіретін құрылғылар алған. Су соратын құрылғы да орнатады. Алға қойған мақсаттары да жетерлік. «Алдағы күндері мал бордақылайтын орын мен сүт өнімін өндіретін ферма ашсақ», – дейді олар. Сонымен қатар, осы жоспарларын жүзеге асыру үшін келісім-шартпен отырған шаруашылық жерінің аумағы тар екенін жеткізіп, «Жер аумағын кеңейтуге ықпал болса екен», – дейді «Құлагер» ЖШС төрағасы.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
18 ақпан 2018 ж. 1 360 0