Машақаты көп мамандық
Мал ауруларының адам денсаулығы үшін қауіпті екені бәрімізге мәлім. Сондықтан, оның алдын алудың маңызы өте зор. Ал, ол үшін мал дәрігерінің көмегіне сүйенеміз. Өмірін төрт түліктің соңында өткеріп, бір ауылдың мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан ақмаялық Төрехан Рсаев бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер маман.
Жастайынан еңбекке етене араласқан Төрехан ағай Сарыағаштағы Қабыланбек зоовет техникумында білім алып, маман иесі атанады. Ең алғашқы еңбек жолын Шиелідегі ветстанциядан бастап, 4 жыл өнімді қызмет жасайды. Үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген адалдығы абыройлы маман иесі атануына сеп болады. Алғашында машақаты көп істің қиындығынан сескенген мал дәрігері көктемде «қой қырқын», «мал төлдету», күзде «қой қашырма» сынды тынымсыз тірлікті күн демей, түн демей тындырып істейді. Осы еңбекқорлығының арқасында өз ісінің майталманы атанып, киелі шаңырақта қамқор әке, ардақты ата атанып отыр.
– Малдың бабын тауып, ауруын дөп басып айту оңай дүние емес. Осындай, қиын да, қызықты мамандықты бүгінгі жастар көп таңдай бермейді. Сондықтан мал дәрігерін даярлау, оның мәртебесін көтеру, материалдық базасын нығайту және зертханалар ашу мәселесін қолға алуымыз керек дейді, – Төрехан Қалиұлы.
Өлшеусіз еңбектің еленгені осы уақытқа дейінгі алған алғыс хаттары мен «Жыл маманы-2013», «Үздік ветеринар», І дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен марапатталуынан аңғаруға болады. Бел жазбай жұмыс жасаған Төрехан Рсаев 2016 жылы тамыз айында зейнетке шықса да, бүгінгі күні қол қусырып отырғанды жөн көрмей «Ақмая» шаруа қожалығында жұмыс жасауда. Қажырлы қайраты мен қарулы қолдары игілікті іс жасаудан таңбайтын ағамызға толағай табыстар тілеп, еңбегіңіз еселене берсін демекпіз.
Гүлнәр Дүйсебай.