Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төскейді төлге толтырып...

Төскейді төлге толтырып...


Ауылда шаруа қожалығын ашып, тірлік жасаймын деушілерге бүгінде қолдау жақсы. Оның ішінде, әсіресе, асыл тұқымды мал басын арттырғысы келетіндерге түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер қарастырылған. Барлығымыздың түп-төркініміз алтын бесік ауыл. Кішкентайымыздан ата-әже, әке-шешемізге қолқабыс етіп, малға қарайласып, бұзау, ауыл ішінде аналықтан бөлініп алынған қозы-лақты бағып өскен балалармыз ғой. Шіркін, сол алаңсыз балдырған шақ қандай керемет еді! Ауыл жаққа бүйрегіміз бұрып, төрт түлік ұстап, қызығы мен шыжығы зор тірлікке ден қойғымыз келіп тұратыны сондықтан болар… Балғын балалық шақтары ауылда өткен «Жөлек-Ырыс» кооперативіне біріккендер де болашағын осы саламен ұштастырды.Басқасын қайдам, мал бағудың қыр-сырын қазақтан артық білетін халық бар деу қисынсыз. Халқымызда мал бағу бұрындары тіршілік тірегі болып келсе, бүгінде берекелі кәсіп түріне айналды. Бірақ, мал шаруашылығын шалқыту екінің бірі қисынын таба білетін шаруа емес. Сондықтан да болар, «Мал баққанға бітеді» деген дана халқымыз. Қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан жандар ата кәсіпті жалғауда жігерлілік танытуда. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған бұл кәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол.
Сол ырыс қазанына түскен берекені елмен бөлісіп, кәсібін жолға қойғандардың санатында «Жөлек-Ырыс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Ұлымхан Сатаева да бар. Аталған кооператив құрамына үш шаруа қожалығы бірігіп, АИО (аймақтық инвес­тициялық орталық) дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы 15 млн. несие алып, шаруаларын дөңгелетуде. Атап айтқанда, «Ермек», «Бақберген», «Бердіахмет» шаруа қожалықтарының басын біріктірген кооперативтің иелігінде бұл күнде 900 гектарға жуық жер бар көрінеді.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бүгінгідей нарық заманында бірікпесек болмайтынын түсіндік. Ауылдың бірқатар азаматтары бұрынғыдай өгіз аяңмен жүре беру тиімді емес екенін түсініп, кооперативке бірігуді шештік. Бүгінгі күні кооперативтің құрамында 20 құрылтайшы бар, – дейді осы шаруалардың басы-қасында жүрген Ұ.Сатаева. Бүгінде 63 ірі қара малы бар кооперативте оңды істер осымен тоқтамақ емес. Осы айда 2 асыл тұқымды бұқа алып, мал басын асылдандыруды жоспарлап отырған кәсіпкерлер 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғандықтарын да жеткізді. Ұлымхан Сатаеваның айтуынша, шаруашылыққа арнайы берілген жерде үй, баз, малға арналған қора-жайлар соғылыпты. Біз хабарласқан мезетте ең үлкен жаңалықтары жел және күннен қуат ала отырып, 220 в тоқ өндіретін энергия батарейкалары орнатылып жатқандығын қуанышпен жеткізді. «Алда тағы да жоспарлар бар. Олар қолға алынғанда өздеріңізбен бөлісеміз. Бізге берілген мүмкіндік арқылы төскейді төлге толтырып, ұрпақ пен ел игілігіне қызмет етсек. Сапалы өнімімізді нарыққа шығару. Сол біздің қазіргі алға қойған мақсат»,– деді еңбекпен бой түзеген жан.
Иә, тарихтан белгілі әйгілі «Жібек жолы» арқылы Ресей, Орта Азия базарларын қазақтың басты тауары мал және мал өнімдері жаулаған. Нақ осы елімізде өсірілген төрт түліктің түрлі бағыттағы өнімдері кешегі Кеңес заманында да талай жұртты жетпіс жыл бойы асыраған екен. Міне, бүгінгі қоғамда да ата кәсіптен қол үзбеген жандар арқылы бұл сала да дамудың даңғыл жолына түсті десек, артық болмас, сірә.

Дина ЖҮСІПОВА.
20 ақпан 2018 ж. 1 392 0