Еңбекқор Ербол
Көсегені көгертетін – кәсіп. Қазақта “қимылдаған қыр асады” деген аталы сөз бар. Қазіргідей нарық қыспаққа алған заманда артық қаржы көзін табуды ойлағанымыз жөн-ақ. Осыны ескергендер кәсіптің түр-түрін игеріп, жағдайларын түзеп жатқан жайлары бар. Кәсіпті игерсең, қаржылық жағынан тәуелділік азаяды. Сондай-ақ, мемлекет те кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлуде. Шағын несие – шағын істі қолға алудың таптырмас мүмкіндігі. Тек, талмай еңбек етсең болғаны.
Еңбекқор адамның тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Ербол Жеңсікбаев. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейгенін Шиелі ауданынан бой көтерген әсем «Магнит» авто үйінен байқауға болады. «Самара-Шымкент» тас жолы бойында орналасқан ерекше ғимарат көзге бірден ілінеді. Ал, ол жердің қызметі тіптен ерекше. Көлігіңіз техникалық байқаудан өтіп жатқанда тұтынушыға арналған арнайы орын әзірленген. Тегін интернет желісін пайдаланып, теледидар көруіне мүмкіндік бар. Ыстық шай ұсынып, тіске басар тәттілерін де береді. Күннің аптап ыстығында шөлдеп келген тұтынушыға салқын сусын да тегін беріледі. Қазақы қонақжайлылық көрініс тапқан «Магнит» авто үйі автосақтандыру, автоэлектрик, автодиагностика, матор майын ауыстыру сынды басқа да қызмет түрлерін көрсетеді.
Көліктердің кілтипанын дөп басып, осал тұсын біле қоятын арнайы мамандары бар «Магнит» авто үйі бір жылдан астам уақыт ішінде халықтың ілтипатына ілініп үлгерді. Себебі, әр тұтынушыға анықтама кітапша толтырылады. Астына мінген темір тұлпарының ақауын анықтап, диагнозы жазылған соң келесіде қиындық тудырмайды дейді, кәсіпкер Е.Жеңсікбаев. Бүгінгі таңда, 8 адамды жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз ай сайын мамандардың біліктілігін тексеріп отырады. Сондай-ақ, білімін арттыру мақсатында Алматы, Қызылорда қалаларына 3 айлық курстық білім алуға жағдай жасап
отырады.
Діттеген жеріңе дер кезінде жеткізетін темір тұлпарды да адам жанындай аялап, күтіп баптаса, «ауру-сырқау» жоламай, қажетіңе жарап тұрады. Сондықтан, кәсіпкер қоғамдық көліктерге де жеңілдіктер қарастырған. Көлік майы мен майсүзгішін алсаңыз, май ауыстыру қызметін тегін пайдаланасыз. Сондай-ақ, автосақтандыруға жеңілдік көрсетіледі. Бұл жердегі көлік майлары Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларындағы арнайы фирмалардан әкелінеді. Сапасына кепілдік берілген. Содан болар, қою майға деген сұраныс артып тұр. Тіптен, Шиелі ауданына қарасты 7-8 ауылдық округтерге, мекемелер мен ауылшаруашылықтарына тегін жеткізіп береді.
Кәсіптің көзін тауып, жұмысының жемісін татып отырған Е.Жеңсікбаев жиған-тергенін игі істерге жұмсайды. Жомарт жүректі азамат бергенін айтып, жасаған жақсылығын түгендеуден аулақ екенін жеткізгенде қолы ашық адам екенін аңғару қиын болмады. Сондықтан болар, оны білетіндер, тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде құрметтейді. «Мен көмек бердім, демеушілік жасадым» деп жатқан ол жоқ. Қолындағымен бөлісуді көкірегіне құйып өскендіктен де болар, осылай болуы заңды деп қабылдайды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.