ҚОЛДАУДАН КЕНДЕ ҚАЛМАЙДЫ
«2017 жылы жалпы соммасы 32 млрд. теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады», – дей келе Елбасы шағын несиелендіруге қосымша 20 млрд. теңге бөлуді тапсырған болатын бес әлеуметтік бастамасында. Соның арқасында үстіміздегі жылы шағын несиелердің жалпы сомасы 62 млрд. теңгеге жетпек. Осылайша, 2018 жылы шағын несие алатындардың санын 2 есеге арттыру көзделуде. Сөз басын «Президенттің Бес Әлеуметтік Бастамасы» Үндеуінен бастауымызға себеп, жұмада өткен дөңгелек үстел отырысы еді.
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында әкім орынбасары Т.Жағыпбаровтың төрағалығымен «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының, екінші деңгейлі банктердің жауапты мамандары дөңгелек үстелде бас қосты. Бизнестің «Жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасының қаржы агенті болып табылатын «Даму» бүгінде шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлер іске асыратын жобалар бойынша қаржылық қолдау шараларын ұйымдастырып келеді. Қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, несиелер бойынша ішінара кепілдік беру жұмыстарын қарастырып келетін қор өкілдері аудан кәсіпкерлерімен ашық пікір-сұрақ алмасты.
Екінші деңгейлі банктер «АТФ Банк», «Халық Банкі», «Банк Центр Кредит» АҚ облыстық филиал өкілдері шағын несиелендірудің жолдарын нұсқап, тың бағдарламаларды таныстырды. Шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктермен қаржыландыру мәселелері талқыға түсіп, кәсіп иелері мен стартап жоба авторлары толғандырған сауалдарына мамандардан тиісті жауаптарын алып, ұсыныстарын да білдірді. Кәсіпкерлер банк тарапынан берілген несиеге демалыс (каникул) уақытының аздығы тиімсіз деген ойларын салды ортаға. «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» тарапынан ұсынылатын 85/15 бағдарламасы, яғни, несиенің бір бөлігін субсидиялау үшін талап етілетін қаптаған құжат пен уақыт та бір жолға қойылса деген ойларымен бөліскен кәсіпкерлерге қор өкілдерінің өз
жауабы болды. Ендігі жерде «Даму» қорының кепілдігіне кеңседен шықпай қол жеткізуге болады. Қордың кепілдігін беру туралы шешімді алу электронды үкімет арқылы жүзеге аспақ. 180 млн. теңгеден аспайтын несиеге 5 күннен аспайтын уақыт ішінде «e.gov» көмегімен ала алатын болады. «Демек, кәсіпкерлер кабинеттердің табалдырығын тоздырып емес, клавиатурада отырып мәселесін шешпек», – дейді «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиал директоры А.Тастанов.
Бақытжан МӘДЕН.