Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда

Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда


Ырзығын жерден тапқан ата-бабамыз егін егіп күн көрген. Жомарт жер бабын тапқан сайын несібесін еселей түсіп, мол өнім алды. Ал, оның сыры көл-көсір жерде емес, алақандай жерді игеріп, табыс табуында. Бүгінгі уақыт еңбек етемін, кәсіп жасаймын деген адамға үлкен мүмкіндік беріп тұр. Шүкір, бейбіт заман, кәсіпкерлікті дөңгелетуге жағдай бар, себебі, мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытуға қолдауы да, жеңілдігі де аз емес. Тек ерінбей еңбек ете білсең болғаны. Бұл бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған тәуелсіз елдің түкпірдегі бір ауылда өз кәсібін дөңгелетіп, адал кәсіптің нанын ризық еткен қарапайым еңбек адамының сөзі. Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылындағы жылыжай иесінің тіршілігі елден ерек. Нағыз жылыжайдың үлгісін көрсете білген еңбек адамының маңдай терімен жасаған, талпынған тірлігінің жемісі мол. Тақырыбымызға өзек болар Қанат Мұсаев жылыжайдың бабын тапқан кәсіпкер.
Сыр елі биыл «жаппай кәсіпкер­лікті қолдау жылы» деп жариялап, білек сыбана іске кірісті. Бір істің құлағын ұстап, отбасылық кәсіп ашып, нәпақасын айырып отырған жандар жетерлік.Шағын несие алып, шағын кәсіпті жандандырып отырған адамдардың да қарасы қалыңдап келеді. Бұл әрине, орынды. Себебі, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы халыққа өткен жылды қорытындылап, есеп беруінде әр ауылдың өз наубайханасы, шаштараз, моншасы болуы тиіс деген болатын. Сондай-ақ, жұмыссыз жүрген жандарға жеке кәсібін ашып, отбасын асырауға мүмкіндік барын жеткізген еді. Расында, екі қолды қусырып, «алма піс, аузыма түс» деп отыратын уақыт кетті. Еңбек етіп, отбасын асырауды ойлаған кез-келген адамның жоспарына үкімет қолдау көрсетуге даяр отыр. Оны халыққа түсіндіріп, еңбектенуге шақырып та келеді. Сондықтан, қорқақ көздің дегеніне көнбей, батыл­ қадам жасауға тәуекел ете білу қажет.
Кәсіп ашу дегеннен адам үлкен ­бір іс бастау деген ойға шомады. Сол себепті, кейбір бастамалар құрдым­ға кетіп, сан соғып жатқандар да жоқ емес. Бүгінгі уақыт еңбек етемін, кәсіп жасаймын деген адамға үлкен мүмкіндік беріп тұр. Ал, біздің кейіпкеріміз жылыжай ашып, көшет өсіріп, көкөніс егумен үш жылдан бері айналысып келеді. Жылыжайдың жалпы аумағы – 10 сотық. Су, жылу, электр жарығымен толық қамтылған. Алайда, бұл нысанды тұрғызуда да қиындықтардың болатыны рас. Қанат сондай кедергілерден мойымай өтіп, алға қойған мақсатынан танбапты.
–Жылыжай құрылысын өз күшімізбен салдық. Әкем Барлыбай Мұсаев бас агроном болып қызмет жасаған. Қазір зейнетте. Сол кісі екеуміз алма-кезек жылыжайға келіп, отырғызылған көшеттерді баптаймыз. Қазір мұнда қауынның екі сұрыбы, қарбыз, қызанақ көшеттері бар. Олар көктеп, бой көтергенше жылу жүргізілген жылыжайда сақталады. Кейін күн көзімен жылып тұрған келесі жылыжайға 10 шақты күн қоямыз. Содан соң егін алқабына апарып отырғызамыз. Қазір 40 мың көшет қызанақтың 10 мыңға жуығы отырғызылды. Қазіргі таңда 27 гектар жер егістікке дайындалуда. Жалпы, жылыжай ісі еңбекті қажет етеді. Дегенмен, талаптансаң алынбайтын қамалдың жоқтығына сенемін – дейді жеке кәсіпкер.
Ерте көктемнен көкөніс көшеттерін отырғызуды бастап кеткен ағамыз алған өнімдерді Ресейге және Жамбыл, Шымкент қалаларына жөнелтеді екен. Тіпті, былтыр қауынға Ресейден сұраныс көп болғанын да жасырмады. Отбасылық кәсіпке отбасы мүшелері білек сыбана кіріскен. Ал, «АgroBaidala» ЖШС кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ, жылыжайға қажетті заттарға 5 млн. теңгеге жуық қаржы кеткенін де тілге тиек етті кәсіпкер.
Бүгінде елімізде азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатымен және шарықтаған бағаны ұстап тұрудың бірден-бір көзі – өнім өндіру, егін егу екені белгілі. Сондықтан да болар, жылыжай шаруашылығын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Көптен бері мінберлерде айтылып жүрген жылыжайды дамыту ісін үндемей-ақ қолға алған кәсіпкер Қ.Барлыбайұлы баптаған жылыжайдың жайын көзбен көрмек мақ­сатта әдейілеп, атбасын бұрып барғаны­­мызда жайқалған өскіндерді көріп, тамсандық. Өз ісіне мұқият қарай­тын кейіпкеріміздің сөздің емес, істің адамы екенін аңғару қиын болмады. Біз қойған сауалдарға да нақты әрі дәл жауап берді. Еңбекқор адамның бейнесін көріп, біз де ерекше екпінмен жұмысқа қарай беттедік.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Сурет
Б.БӘйІмбеттікі.
31 наурыз 2018 ж. 3 065 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930